Сағат – күміс жүлдегер
Тараз қаласында қазақ күресінен қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының 100 жылдығына арналған «Кәсіподақ барысы – 2024» республикалық турнирі өтті. Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт сарайында тұңғыш ұйымдастырылған бәсекеде 90 килограмға дейін және 90 келіден жоғары салмақ дәрежесінде сынға түскен кәсіподақ мүшелерінен нағыз мықты іріктелді.
Халқымыздың ежелден келе жатқан ұлттық спорт түрлерінің бірі – қазақ күресін дамытуға арналған кәсіподақ мүшелері арасындағы байрақты бәсекенің ашылу салтанатында салалық кәсіподақ төрағасы Айгүл Мұқашева, Жамбыл облысы спорт ардагерлері кеңесінің төрағасы Тәуірбек Қарауылтегі құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Ұлттық спорт түрлерін дамыту арқылы салауатты өмір салтын насихаттау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, салалық деңгейде қазақ күресінің дәрежесін көтеру, кәсіподақ ұйымдары арасында шынайы бәсекелестікті дамыту мақсатында өткізілген турнирге елдің барлық аймағынан 40-қа жуық палуан қатысты.
Тартысты өткен турнир қорытындысында 90 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Қызылқоға ауданындағы Ы.Шөреков атындағы мектеп-гимназиясының дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Сағат Ғазимов екінші орын иеленіп, 350 мың теңге қаржылай сыйлыққа ие болды.
Ал, 90 келіден жоғары салмақ дәрежесінде сынға түскен жерлесіміз Сейілхан Оқас арнайы дипломмен және қаржылай сыйлыққа қол жеткізді.
Өз тілшіміз