Қазақстан жеті рет жазғы олимпиадаға қатысты

1627052724 Спорт

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін жеке мемлекет ретінде жазғы олимп ойындарына жеті мәрте қатысты.

1996 жылғы XXVI жазғы олимпиада ойындары АҚШ-тың Атланта қаласында өткізілді. Бұл сайста қазақ спортшылары 3 алтын, 3 күміс, 4 қола медаль иемденіп, барлығы 196 елдің ішінен 24 орынға тұрақтаған еді.

Одан кейін 2000 жылы Аустралия елінің Сидней қаласында өткен олимпиада да қазақстандықтар қоржыны бірнеше жүлдемен толықты. Былғары қолғап шеберлері Бекзат Саттарханов пен Ермахан Ибраимов және жеңіл атлет Ольга Шишигина алтыннан алқа тақса, велошабандоз Александр Винокуров, палуан Ислам Байрамуков және қос боксшы Мұхтархан Ділдәбеков пен Болат Жұмаділов күміс медальді місе тұтқан еді. Бұл жолы Қазақстан 199 елдің арасынан 22 орын алды.

2004 жылғы байрақты бәсеке олимпиаданың негізін қалған Грекия астанасында жалауын көтерген еді. Бұл жолғы олимпиада қазақстандықтар үшін аса сәтті бола қоймайды десек болады. Өйткені олимпиада ойындары басталған сәттен, соңғы күнге дейін Қазақстан қоржынында тек күміс және қола медальдар болған еді. Тек олимпиаданың ең соңғы күні ғана боксшы Бахтияр Артаев алтыннан алтын медаль алды. 1 алтын, 4 күміс, 3 қола медаль алған Қазақстан Республикасы бұл сында 202 мемлекет арасынан 40 орынға табан тірейді.

2008 жылы аспан асты елінің астанасы Бейжіңде алауын жаққан ХХІХ олимпиада ойынында 13 медаль алды. Оның екеуі алтын, төртеуі күміс, қалғаны қола медаль еді. 204 мемлекет қатысқан әлемдік бәсекеде біздің еліміз 29 орынға тұрақтады.

2012 жылы қазақстандық спортшылар Тұманды Альбион – Лондон шаһарында өнер көрсетті. 204 елдің ішінде 12 орынға ие болған бұл олимпиада, ел тарихындағы ең сәтті болды. Бұл сайста қазақ спортшылары 7 алтын, 1 күміс, 5 қола медаль тақты.

2016 жылы мұхиттың арғы бетінен орын тепкен Латын Америкасының алып мемлекеті Бразилияда шымылдығын түрген олимпиадаға Қазақстаннан 26 спорт түрінен 104 спортшы қатысып, бақ сынады. Қазақстандықтар барлығы 17 медаль (3 алтын, 5 күміс, 9 қола) алып, ел спорты тарихында күміс және жалпы жүлделер саны жөнінен рекордтық көрсеткішке қол жеткізді.

2020 жылғы олимпиада ойындары, әлемді жайлаған COVID-19 пандемиясы салдарынан кейінге шегерілген болатын. Жаһандық жағдай жақсарып, әлем карантин шараларын жеңілдетіп, ахуал тұрақталғаннан соң Токио-2020 олимпиадасы өтті. Бір жыл кешігіп ұйымдастырылған ойындарға Қазақстан 7-ші мәрте дербес мемлекет ретінде қатысты. Дегенмен, пандемия қазақ спортшыларына кері әсерін тигізіп, бұл бәсекеде сәтсіз өнер көрсетті. Қазақстандық спортшылар Аспан асты еліндегі жазғы олимпиада ойындарына спорттың 27 түрінен 96 жолдама жеңіп алған еді. Спорттық бәсеке қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасына 206 мемлекет арасынан 83 орын ғана бұйырды. Ел қоржынына барлығы 8 қола жүлде салынған болатын.

Ендігі олимпиада ойындары 2024 жылы Францияның астанасы Париж қаласында байрағын көтермек.

Ару ҰЗАҚОВА, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университеті, журналистика мамандығының 4 курс студенті

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз