Мирас Жүгінісов пен Нұрлан Қоянбаев Атырауға неге келген?

5256674 8b75183405bcfc97b64c16bb1d2618aa Спорт

ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕ ТАНЫМАЛ, ХАЛЫҚТЫҢ ҚЫЗУ ТАЛҚЫСЫНДА ЖҮРГЕН «TARTYL FEST» КЕРУЕНІ МҰНАЙЛЫ ӨЛКЕ ОРТАЛЫҒЫНА ДА АТ БАСЫН БҰРДЫ. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ «ДАРА» ДАРЫНДЫЛАРДЫ ҚОЛДАУ ҚОРЫНЫҢ ҰЙЫМДАСТЫРУЫМЕН ЕЛІМІЗДЕ ТҰҢҒЫШ РЕТ ТУРНИККЕ ТАРТЫЛУДАН САЙЫС ӨТКІЗІЛУДЕ. ӘР ҚАЛА БОЙЫНША ЖҮЛДЕ ҚОРЫ 3 МИЛЛИОННАН АСА ТЕҢГЕНІ ҚҰРАЙДЫ. ҚОНАЕВ ҚАЛАСЫНАН БАСТАУ АЛҒАН СПОРТТЫҚ ШАРА ҚАЗАҚСТАННЫҢ 20 ӨҢІРІН АРАЛАЙ ЖҮРІП, ШЫН ЖҮЙРІКТЕР МЕН ДАЛА ДАРЫНДАРЫН ІЗДЕЙДІ. ҚЫРКҮЙЕК АЙЫНА ДЕЙІН ЖОСПАРЛАНҒАН «TARTYL FEST» ШАРАСЫНЫҢ НЕГІЗГІ МАҚСАТЫ – ТҰРҒЫНДАР АРАСЫНАН ДАРЫНДЫ ТҰЛҒАЛАРДЫ ТАБУ МЕН ҚАБІЛЕТІН ШЫҢДАУҒА ҚОЛДАУ КӨРСЕТУ.

Атырау облысы əкімдігінің қолдауымен өткен облыстағы шараға 277 тұрғын қатысты. Олар жасы мен салмағына қарай арнайы қазылардың төрелігімен сайысқа түсті. Шараға арнайы келген облыс əкімінің орынбасары Қайрат Нұрлыбаевтың айтуынша, жобаның ерекшелігі – жас талғамайды, тіпті, алты жасар бала мен алпыс төрт жастағы ақсақал да өз бақтарын сынап көрді. Белтемірге тартылу бойынша ең жоғары көрсеткіш республика бойынша Шымкент қаласында 41 мəрте болса, атыраулық Амангелді Өтепов 33 мəрте тартылып, бірінші орынды иеленді. Əйтсе де, еліміз бойынша рекорд жаңарған жоқ. Бірақ, тұрғындардың қаланың кез-келген ауданындағы белтемірге тартылуына қарап, олардың қызығушылығы мен ебінің бар екені аңғарылды. Оны атыраулықтар сайыс барысында да көрсетті. Жоба жетекшісі – Қазақстандағы Street Workout орталықтарының негізін қалаушылардың бірі, жаттықтырушы жəне актер Айтым Жақыпов Атырау тұрғындарына турникке тартылудан шеберлік сабағы мен өнерін көрсетіп, таңдай қақтырды.

– «Дара» дарындыларды қолдау қорының алғашқы сайысы өте сəтті өтуде. Мұның себебі қолжетімді спорт түрі – турникке тартылудан өтуінен деп ойлаймын. Бастапқыда бұл қалай болар екен деп күмəнмен қарағанымыз жасырын емес, алайда сайысқа қатысушылардың тіркелуі мен нəтижесінен оң шешім болғанын түсіндік. Бұқаралық спортты дамытуды көздеген бұл жарыс – қордың тырнақалды жобасы. Осындай сайыстарды елімізде өнердің басқа да салалары бойынша ұйымдастыруды көздеп отырмыз, – дейді «Дара» қорының басшысы, продюсер Нұрлан Қоянбаев.

Сайыс қорытындысы бойынша жас пен салмағына қарай үш орын бекітілді. Бірінші орынға – 200 000, екінші орынға – 100 000 жəне үшінші орын жүлдегеріне 50 000 теңге қаржылай жүлде табысталды.

АЙМАҚТАРДАН ТОП ЖАРҒАН ДАРЫНДЫЛАР НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНДА ӨТЕТІН ГРАНД-ФИНАЛҒА ЖОЛДАМА АЛДЫ. АҚТЫҚ МӘРЕНІҢ ЖҮЛДЕ ҚОРЫ – 54 000 000 ТЕҢГЕ. САЙЫС НӘТИЖЕСІ БОЙЫНША ГРАНД-ФИНАЛ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ ФИНЛЯНДИЯДА ӨТЕТІН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНА ҚАТЫСЫП, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ДОДАДА ҚАЗАҚСТАННЫҢ НАМЫСЫН ҚОРҒАЙДЫ. КЕШ СОҢЫНДА ӘНШІ МИРАС ЖҮГІНІСОВ АТЫРАУЛЫҚТАР АЛДЫНДА ӨНЕР КӨРСЕТТІ.

Жайна ИСЛАТ

2022 08 01 imgl4295
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз