Жарнама
Спорт

Қазақ дзюдосының биылғы жетістігі. Парижге дайындығы

Бүгінгі күні туризм және спорт министрлігі ұлттық құрамалардың дайындық деңгейін арттыру басты міндет екенін айтты. Келер жылы әлемнің 205 елінен 10 мыңға жуық спортшының қатысуымен өтетін Париж олимпиадасы күтіп тұр. Аталған додаға біздің елдің атлетшілері спорттың 20 түрі бойынша бақ сынауға ниетті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Министрліктің ақпаратынша, қазіргі таңда ел қоржынында 2024 жылғы Париж олимпиадасының спорттың 8 түрі бойынша (садақ ату, грек-рим күресі, еркін күрес, спорттық гимнастика және бокс тағы басқа) 17 лицензиясы бар. Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Ербол Мырзабосынов Париж олимпиадасына барлық күш-жігерді салу қажеттігін айтты.

Дегенмен де, дзюдодан ұлттық құраманың нәтижесі көңіл көншітпей отыр. Оны соңғы додалардан байқауға болады. Франциядан келген үш маман Қазақстанда жұмыс істеп жатқанына екі жылдай уақыт өтсе де, жеткен жетістік мардымсыз.

Кешегі Токиода өткен Grand Slam-ның нәтижесі өте нашар деуге болады. Әлемдік қатарлас мемлекеттердің дзюдо ережесіне сай бүгінгі спортшыларымыздың татамидің үстіндегі тәсілдеріне қарап, шынымен  көңіліміз түсіп отыр. Соған қарамастан, біздің бірнеше салмақ дәрежесі бойынша үмітіміз әлі де бар. Қазіргі кезде 60 келі салмақ бойынша Азия ойындарында өнер көрсеткен Мағжан Шамшадин спортшымыз жарақат алып,  операция жасалады. Ол қайтадан қатарға қосылатын болады. Жалпы 60 кг салмақта үш спортшымыз бар, олар олимпиаданың екі дүркін жүлдегері Елдос Сметов, Нұрқанат Серікбаев және Мағжан Шамшадин. Одан бөлек әлем чемпионатының қола жүлдегері Әбиба Әбужақынованы айта кетуге болады Бүгінгі күні рейтингте қай спортшы алда болады сол олимпиадаға барады, – дейді спорт комитетінің басшысы.

Ербол Мырзабосынов осы жарыстардан кейін аналитика жасап, іштегі бар жаттықтырушылармен ғылыми топ құрып, осы проблемаларды анықтаймыз деп отыр.

Бүгінгі күні федерация тарапынан берген ұсыныстары бойынша министрлік толық қолдау берген болатын. Осы мәселелерді анықтап, алдағы жарыстарға дайындалып, спортшылармен дұрыс жоғары нәтижемен келуіміз керек, – дейді ол.

Биыл Қазақстан әйелдер құрамасы ерлерге қарағанда жақсы нәтиже көрсетті. Мәселен ел қоржынына Азияданың алғашқы жүлдесін түсірген дзюдошы Әбиба Әбужақынова Ханчжоуда өткен Азия ойындарының күміс жүлдегері атанды. Отандасымыз 48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, финалда жапондық Натсуми Тсунодомен кездесіп, есе жіберген болатын.

Одан соң аталмыш жарыста Мағжан Шамшадин қола медальді қанжығасына байлады. 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен спортшы үшінші орынға талас кезінде тәжікстандық Мерзода Суфиевті жеңіп, ел қоржынына екінші медаль түсірген еді.

Бұдан өзге қазақстандық дзюдошы Кәмила Берліқаш Әбу-Дабиде өткен әлемдік Grand Slam турнирінің күміс жүлдегері атанды. Ол финалда португалиялық Рошель Нуньеспен кездесіп, қарсыласына иппон әдісімен жол берді.

Айта кетсек, БАӘ-ның Әбу-Даби қаласында өткен Grand Slam жарысына еліміздің атынан 21 спортшы барған болатын. Алайда Кәмила Берліқаштан басқа спортшылар жеңіс тұғырынан көріне алмады. 

Спорт сарапшысы Анық Көкенайұлы мұның бәрі әйелдер дзюдосының ақырындап дамып келе жатқанын көрсетеді деп отыр.

Қазақ дзюдошылары 2023 жылы әлемдік Grand Slam, Grand Prix және Азия ойындарынан барлығы 27 медаль жеңіп алды. Grand Slam бәсекелерінде 1 алтын, 5 күміс, 11 қола. Grand Prix де 1 алтын, 2 күміс, 2 қола. Ал Азия ойындарында 1 күміс, 4 қола медаль иеленді. Тарихта тұңғыш рет қазақтың екі қызы Grand Prix жарысының финалында өнер көрсетті. Қазақ қыздары Азия ойындары мен Grand Slam жарыстарының финалында күресті. Бұл Қазақстандағы әйелдер дзюдосы ақырындап дамып келе жатқандығын көрсетеді. Ал ерлер құрамасы өкінішке қарай нашарлау болып тұр, – деді ол.

Сондай-ақ, спорт сарапшысы биылғы жылы дзюдодан Қазақстан ерлер құрамасының нәтижесі көңіл көншітпегенін айтты.

Әлем чемпионатында біреуі де медаль ала алмады. Азия ойындарында да айтарлықтай нәтиже көрсете алмай, 3 қола медаль ғана иеленді. Әлемдік Grand Slam, Grand Prix жарыстарындағы нәтижелері төмен болды. Бұл дзюдоға дұрыс жүйе қойылмағанның салдары деп ойлаймын. Ескі тәсіл, өзгермеген жүйе осындай нәтиже беруде. Құрамада резерв жоқ, бәсекелес жағы төмен. Бұған дейін Елдос Сметов талай жыл құраманы жалғыз өзі сүйреді. Қазір ол спортшы бұрынғыдай емес, деңгейі түсіп кеткен. Биыл бірде-бір жүлде ала алмады. Құрамада өсіп келе жатқан жас дзюдошылар жоқ емес. Бірақ оларға жоғары нәтиже көрсету уақыт керек, – дейді ол.

Ол француз мамандарының келуінен айтарлықтай пайда болмай тұрғанын айтты. Мүмкін алдағы уақытта бір нәтижесін берер. Мұның бәрі уақыт еншісінде деп отыр.

Біздің жігіттер функцияналдық және физикалық тұрғыда нашар. Тез шаршап қалады. Негізгі мәселе – құрамада дәрігер мен фармацевтің жоқтығында. Қазір әлемде спортшының физикалық-психологиялық қабілетіне емес, спорттық медицина мен ғылымның жетістіктеріне сүйенеді. Құрамада спорттық дәрігер тапшы. Спорт психологы да жоқтың қасы. Дзюдо деген тұнып тұрған «ғылым». Бізде ғылыми тұрғыда жолға қойылмаған. Бұл мәселені федерация жақсы түсініп отыр. Уақыт өте тығыз. Олимпиадаға аз уақыт қалды. Сондықтан бұл мәселені тез арада қолға алу қажет, – деді спорт сарапшысы Анық Көкенайұлы.

Министрлік енді халықаралық спорт ұйымдарында қазақстандық мамандардың өкілдігі және әлемдік деңгейдегі төрешілерді даярлау бойынша жұмыстарды күшейтпек. Өйткені олимпиадалық спорт түрлері бойынша 128 федерацияның 20-сы ғана халықаралық аренада өкілдіктерге ие екен.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button