
«Прикаспийская коммуна»: Мықтылар марапатталды
Биыл «Прикаспийская коммуна» газетінің 105 жылдық мерейтойы аталып өтеді. Соған орай «Бірлік» фракциясы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің стадионында спартакиада ұйымдастырды. Жарысқа төрт команда — бұқаралық ақпарат құралдарының құрама командасы, Атырау қалалық мәслихатының депутаттары, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің командасы және Қазақстан халқы Ассамблеясының командасы қатысып, нәтижесінде өз мәресіне жеткен үздіктер марапатталды.

Жарыс бағдарламасына футбол, волейбол, шахмат және арқан тарту сияқты спорт түрлері енді. Әрбір спорт түрінен тартысты бәсекелер болып, командалар өздерінің шеберліктерін көрсетіп, жеңіс үшін аянбай күресті. Футбол жарысында ерекше серпін көрсеткен Атырау қалалық мәслихатының депутаттары өз командаларын жеңіске жеткізу үшін бар күшін салды. Ал волейбол мен футзал жарыстарында да университеттің командалары жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, үздік атанды.

Шахматтан әйелдер арасында жеңімпаз болып Таппат Қабишева (Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің мүшесі) танылса, ерлер арасында бірінші орынды Жексенбек Рахметов (Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің өкілі) иеленді. Арқан тарту сайысында да барлығы белсенді түрде қатысып, өз командаларының жеңісіне ықпал етті.

Жарыс қорытындысы бойынша барлық жеңімпаздар мен жекелеген қатысушылар арнайы кубоктар, дипломдар, медальдар және естелік сыйлықтармен марапатталды.

Спартакиада – тек спорттық шара ғана емес, бұл бірлікті нығайту, ұжымдық ынтымақтастықты арттыру мен қоғамда бейбітшілік пен татулықты насихаттауға қосқан зор үлес болды.
Майра ЕРҒАЛИ