Спорт

Паралимпиада-2024: Қазақстандық параволейболшылар V орынға ие болды

Франция елінде өтіп жатқан паралимпиада ойындарында отырып ойнау параволейболынан Қазақстан командасы V орынға тұрақтады.

Ел командасы Париж төріндегі алғашқы кездесуін алаң иелерімен өткізіп, 3:0 есебімен жеңіске жеткен болатын. Содан соң топтық ойында Босния және Герцовиня елінің командасына қарсы ойнап тартысқа толы бәсекеде 3:2 есебімен есе жіберіп алды. Топтық кезеңдегі соңғы ойында Египет командасымен кездесіп 3:1 есебімен есе жіберді.
Осылайша топтық ойында сәттілік жетпеген Бауыржан Тахауовтың шәкірттері В тобындағы әлемдік рейтингте II орында тұрған Бразилия командасымен V-VI орын үшін сынға түсіп, тартысты өткен ойында 3:0 есебімен басым болды. Франция жеріндегі төрт жылдықтың үздік бәсекесінде 8 команданың ішінен V орынға табан тіреген ел командасы 2028 жылы АҚШ елінде өтетін паралимпиада ойындарында жүлделі орынға таласа алатындығын көрсете білгендей.
Республиака параволейбол федерациясының президенті Дүйсенбай Тұрғанов Батыс Еуропа төріндегі Паралимпиада ойындарына қатысу параволейболшыларымыз үшін орындалмас арман сияқты көрінгенмен
барлық іріктеу кезеңдерін сәтті өтіп, қатысушысы атанғандығы атап өтті. –Жылдар бойы қызу дайындық, сан алуан жарыстарға қатысу, ең бастысы, табандылық, жеңіске деген құлшыныс пен шынайы патриотизм пара спортшыларымызға Паралимпиада ойындарына лицензия жеңіп алып қана қоймай, әдемі де лайықты ойын көрсетуге, жоғары нәтижелерге қол жеткізу мүмкіндік берді. Паралимпиада алаңында пара волейболшылар мықты қарсыластармен бірнеше қызықты ойын өткізді. Франция құрамасымен, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Босния және Герцеговина құрамасымен, Паралимпиада ойындарының қола жүлдегері Египет құрамасымен ойын өткізді.

Әлемдік рейтингте екінші орында тұрған Бразилия құрамасымен соңғы ойын да тартысты, бірақ, өте жарқын өтті. Бұл — үлкен жетістік! Қазақстан Параволейбол федерациясы атынан барлық ойыншыға, Бауыржан Тахауов бастаған жаттықтырушылар құрамына, спортшыларды қолдаған жанкүйерлерімізге, бір сөзбен айтқанда, осындай нәтижеге қол жеткізуге үлес қосқан жандарға ерекше алғысымды білдіремін, — деді Дүйсенбай Нұрбайұлы.
Команданың бас жаттықтырушысы Бауыржан Тахауов федерация басшылығына ерекше алғысын білдіріп, көп жұмыстар атқарылғанын айтты. Бас жаттықтырушы 2028 жылғы Паралимпиада ойындарына дейін Азия чемпионаты, Азия ойындары және Әлем чемпионатына дайындықты бастайтынын жеткізді.

Алмас ҚАБДОЛОВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button