Жарнама
Спорт

Өңірде халықаралық шахмат турнирі басталды

Атырауда халықаралық деңгейдегі «Atyrau Chess Masters» шахмат турнирі басталды. 5-15 қыркүйек аралығында өтетін додаға әлемнің алты мемлекетінен мықтылар жиналып, ой жүйріктерінің өнерін паш етпек. Бүгін Н. Жантөрин атындағы облыстық филармонияда халықаралық турнир салтанатты жағдайда ашылды.

02748df9 f1ed 41f0 9b08 2e5018472fa5

Бұл сайыстың басты мақсаты – жастарға салауатты өмір салтын насихаттау, халықаралық мәдени-спорттық байланысты нығайту, сондай-ақ қазақстандық шахматшылардың кәсіби шеберлігін шыңдап, әлемдік рейтингтегі орнын көтеру. Сондай-ақ, ұлттық құраманың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, еліміздің зияткерлік әлеуетін дамытуға жол ашу да басты назарда.

3ad80490 07ee 4074 b6b4 6bd4f9730579

Жарысқа барлығы 20 шахматшы қатысады. Олардың қатарында Грузия, Польша, Шри-Ланка, Украина, Әзірбайжан, Белорусь және Швециядан келген ой шеберлері бар. Қатысушылар екі топқа бөлінген: А тобы – халықаралық мастер (IM) нормасына таласатын 10 шахматшы. Олардың кемінде төртеуі шетелдік, ал рейтингтері 2450-дан жоғары. B тобы – әйелдер арасындағы халықаралық мастер (WIM) нормасы үшін бақ сынайтын 10 шахматшы. Мұнда да кем дегенде төрт шетелдік ойыншы бар, рейтингтері 2250-дан жоғары.

a12c38ec a38b 4780 8e2c f43b9b6f45f4

-Бұл менің Қазақстандағы ойынға екінші рет, Атырауға тұңғыш келуім. Осындай жоғары деңгейдегі сайыс үшін ұйымдастырушыларға алғыс айтамын. Турнир қатысушыларына сәттілік тілеймін,-дейді Шри-Ланка елінен келген Дильшах Ранинду.

58f0e2c4 67ba 4a48 a0eb 9342f3223352

Жалпы, турнир 9 турдан тұрады. Әр партияда шахматшыларға алғашқы 40 жүріске 90 минут, одан кейін қосымша 30 минут уақыт беріледі. Сонымен бірге, әр жүрістен бастап 30 секунд қосымша уақыт есептеледі. Ережеге сай, алғашқы 30 жүріс аяқталмай тең ойнауға келісім жасауға тыйым салынған.

Зияткерлік сайыстың приздік қоры – 5 000 АҚШ доллары. Оның ішінде А тобына – 3 000, ал B тобына – 2 000 доллар үлестіріледі.

Атырау төрінде тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған бұл дода еліміздің шахмат дәстүрін жаңа биікке көтеріп, жас буынға үлгі болары сөзсіз.

Айбөпе САБЫРОВА
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button