Нұрайлым Бақытжанқызы – ел чемпионы!
Құрманғазы аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жас спортшысы Нұрайлым Бақытжанқызы кезекті жеңісімен қуантты. Ол бұған дейін де халықаралық және республикалық жарыстарда үздіктер қатарынан көрініп келеді.
Құрманғазы аудандық әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Абай атындағы жалпы орта мектептің оқушысы Нұрайлым сегіз жасынан бастап таэквондомен айналысады. Оның спорттағы жетістіктері қазақстандықтарды ғана емес, әлемдік қауымдастықты да таңдандырып келеді. 2023 жылы Австрияның Инсбрук қаласында өткен «Austrian Open G2» турнирінде, 2024 жылы Біріккен Араб Әмірліктеріндегі «Fujairah Open G2», сондай-ақ Оңтүстік Кореядағы «Chuncheon Open International Taekwondo Championships» жарысында жас спортшы алтын медаль иеленіп, Қазақстан туын биікке көтерді.
Жуырда Алматы облысы Шамалған ауылында өткен жасөспірімдер арасындағы таэквондодан Қазақстан чемпионатында Нұрайлым өзінің шеберлігін тағы да дәлелдеп, барлық қарсыластарын таза жеңіспен ұтып, ел чемпионы атанды. Бұл жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен 600-ден астам жас спортшы қатысқан болатын.
Сондай-ақ, осы чемпионатта тағы бір жерлесіміз, талантты таэквондошы Мәди Жайберген қола жүлдеге ие болды.
Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ