
«Намыс үшін төбелестім»
Қоян-қолтық ұрыс пен аралас жекпе-жектен әлем чемпионы, облыстық полиция департаментінің қызметкері, аға лейтенант Аида Хайруллина – мықты спортшы ғана емес, өмірден өз жолын тапқан қайсар қыз. Біз Аидамен мереке қарсаңында кездесіп, спорттағы қиындықтар, отбасының қолдауы, арманы мен болашақ жоспарлары жайлы әңгімелестік.

– Аида, сіз нәзіктік пен қайсарлықты, мықтылық пен сұлулықты ұштастыра білген спортшысыз. Алдымен, спортқа келуіңіз туралы айтып берсеңіз. Бұл жол сіз үшін қалай басталды?

– Шынымды айтсам, спортпен кәсіби түрде шұғылданамын деп ешқашан ойламаппын. Алайда спорт менің қанымда бар. Әкем кезінде кикбокс, каратэмен айналысқанымен, спорттық жолын кәсіби түрде жалғастыра алмаған. Ал мен бала күнімнен футбол ойнап, дене шынықтыру сабақтарын жақсы көрдім.
Негізінде әр адам спортқа арман қуып келеді ғой. Ал менікі – намыстан туған қадам болды.
2016 жылы Каспий өңірінің көпсалалы жоғары колледжінде оқып жүргенімде әкем мені «Қайсар» спорт клубына алып барды. Бапкерім Айбат Рахман ағайға муайтаймен айналысқым келетінін айтқаным сол еді, «бүгіннен бастайсың!» деп бірден спаррингке кіргізіп жібергені.
Ал менің спорттың бұл түріне енді ғана келіп тұрғаным ешкімді алаңдатқан жоқ (күліп). Көптен жаттығып жүрген қыздармен жекпе-жекке шығуға тура келді. Қарсыластарым мықты екен, соққылары қатты, оңдыра қоймады. Мен қорғанып қана жүрдім.
Үйге келгенімде әкем «әрі қарай жалғастырасың ба?» деп сұрағаны. «…Әрине!» дедім мен. Өйткені сол кезде санамда «үздіксіз дайындалып, мені ұрғандардың бәрін жеңемін!» деген ой ғана тұрды.
Осылайша барымды салып жаттыға бастадым. Бір жылдан кейін кішігірім спаррингтерде сол қыздарды жеңе бастадым. Ал алғашқы жарысымда қарсыластарымнан басым түсіп, чемпион атандым.
Сол кезде мен жеңістің алғашқы дәмін сезген едім. Иә, керемет екен! Бұл сезімнен кейін спорттан бас тарту мүмкін емес еді. Сол себепті алдыма «ел чемпионы ғана емес, әлем чемпионы болуым керек» деген мақсат қойдым.
Спортшы болып қалыптасуыма алғашқы бапкерім Айбат Рахман көп еңбек сіңірді. Ол муайтай ғана емес, каратэ, қоян-қолтық ұрыс сияқты спорт түрлерінен де мені дайындады.
– Жеңіс бар жерде, жеңілістің де болатыны белгілі. Сондай сәттерде өзіңізді қалай сезінесіз?
– Иә, әр спортшының жолында жеңілістер де, қиындықтар да болады. Мен де жеңістерге жетпес бұрын, жеңілістерге де көбірек ұшырадым. 2017 жылы алғашқы жарысымда жеңіске жеткен соң, екі жыл бойы біріншілікте топ жарғаным жоқ. Жарыстарға бардым, финалға дейін жеттім, бірақ шешуші сәттерде жолым болмай-ақ қойды. Бұл менің психологиялық тұрғыдан сыналатын кезім еді. Өзіме: «Шынымен осы жолды таңдадым ба, жетістікке жете аламын ба?» деген сұрақтарды жиі қоятын едім.

Бірақ ешқашан артқа шегінген емеспін. 2019 жылы Қостанайда өткен муайтайдан Қазақстан чемпионатында алтын медаль алып, спорт шебері нормативін орындадым. Осы жетістіктен кейін мен үшін жаңа мүмкіндіктердің есігі ашыла бастады. Қазақстан Кубогін жеңіп, Азия чемпионатында қола жүлде еншіледім. Дегенмен әлем чемпионатына бару мүмкіндігінен айырылдым. Бұл мен үшін үлкен соққы болды, бірақ ештеңеге алаңдамай әрі қарай жұмыс істей бердім.
Мені қолдаған адамдар «көңіліңді түсірме, бұл да тәжірибе!» деп үнемі демеп отыратын. Әр сәтсіздік мені одан әрі жігерлендіруші еді.
2021 жылы полиция қызметіне орналастым, сол жылы қоян-қолтық ұрыс спортына қатысу туралы ұсыныс түсті. Бұл жаңа белес, жаңа сынақ еді. Мен қабыл алдым. Бір жылдың ішінде бұл спортты меңгеріп, Қазақстан чемпионы атандым. 2023 жылы қоян-қолтық ұрыстан әлем чемпионы болсам, сол жылдың соңында әлем кубогін жеңіп, екі дүркін чемпион атандым.
Ал жуырда қоян-қолтық ұрыстан Астана қаласында ұйымдастырылған ел біріншілігінде тағы да топ жарып, Қазақстанның төрт дүркін чемпионы атанып отырмын. Мұның бәрі тынымсыз жаттығулардың нәтижесінде ғана мүмкін болды.
«Рингке шыққанда бәрін ұмытамын…»
– Жекпе-жектердің қайсысысы есіңізде қалды?
– Әр жекпе-жек біріне бірі ұқсамайды ғой. Бірақ Алматы қаласында өткен Қазақстан чемпионаты есімде ерекшелігімен қалыпты.
Әлі есімде, жарыстың соңғы күні еді. Ақтық сынға шығар сәт. Алдымда қарсыласым тұр. Екеуміз де финалға үлкен қиындықпен шықтық. Осыған дейін қанша тер төккеніміз, қанша соққы алғанымыз – бәрі артта қалған. Бұл жерде бір ереже ғана бар: Не сен жеңесің, не мен жеңемін!
…Жүрегімнің соғысы жиілей түсті. Төреші екеумізді ортаға шақырды. Рингке көтерілгенде залдағы шудың бәсеңдей түскенін, көпшіліктің назары маған ауғанын байқап тұрмын. Бапкерімнің дауысы ғана анық естіледі:
– Сабырлы бол. Қарсыласыңның қателігін күт, — дейді ол.
Гонг соғылды. Қарсыласым алғашқы секундта-ақ алға ұмтылды. Бірақ мен оған дайын едім. Бір қадам артқа шегініп, соққыдан сытылып шықтым.
– Жақсы! — деп айғайлады бапкерім.
Жекпе-жек өтіп жатыр. …Соққы. …Қарсы шабуыл. Бір біріміздің осал тұсымызды іздеп жүрміз. Қарсыласым оң қолмен ұруға ыңғайланғандай. Осы тұста мен одан бұрын әрекет етіп, дәл иегіне соққы жасадым. Мұны ол түсінбей қалған секілді. Кәдімгідей абдырап қалды. Сол сәттерде оның көзіне сенімсіздік ұялағанын аңғардым.
Міне менің сәтім келді! Жылдам соққылар сериясы. Тіземен ұрдым. Қарсыласым шегінді. Рефери санауды бастады.
«Тұрып кете ме?» деп ойлап тұрмын. Бірақ ол орнынан қозғала алған жоқ.
Гонг соғылды. Жеңіс менікі! Менің қолымды көтерді. Сол сәттегі қуанышымды көрсеңіз!.. Ішкі жан-дүниемде бәрі жарқ ете түскендей болды. Көзіме қуаныштың жасы келді.
Рингтен түскен бойда бапкерім құшақтап жатыр.
– Жарайсың, чемпион!
Сол кезде ғана өзімнің шын мәнінде жеңіске жеткенімді сезіндім. Осылайша муайтайдан төрт дүркін Қазақстан чемпионы атандым.
– Осы тұста сізді муайтайдан қоян-қолтық ұрысқа кім бағыттағанын біле отырайық…
– Бұл спорт түріне келуіме кезіндегі командиріміз Жәнібек Шәріпов себепкер болды. Ол кісі менің муайтай, каратэмен айналысатынымды көріп, «қоян-қолтық ұрыс түрінен де чемпион бола аласың» деп сеніммен айтты. Осылайша спорттың бұл түріне де қатысып, 2023 жылы әлем чемпионы атандым.
Барлық жарыстарда мені дайындап, үлкен қолдау көрсететін бапкерлерім – Хайдар Есенғалиев, Бек Насихатов, Ерболат Сатыбалдиев, Нұрберен Әміржанов, Рабадан Ілиясов, Руслан Байтуғанов, Бақытжан Мұхамбеталиев ағайларыма және «Қайсар» спорт клубына айтар алғысым шексіз.
Жеңіске жетелер жолдар
– Спорт пен жұмысты қатар алып жүру қиын емес пе?
– Оңай деп айта алмаймын. Дегенмен сен сүйікті ісіңмен айналыссаң, қандай қиындық кезіксе де оны еңсеруге болады. Жұмысым – тәртіп пен жауапкершілікті талап етеді. Сол сияқты спорт та физикалық күшке ғана емес, темірдей тәртіпке негізделген. Сондықтан екі саланы қатар алып жүру мен үшін үлкен мектеп болды.

– Аида, сіз спортта ерлермен тең дәрежеде күресіп, биік белестерді бағындырып жүрсіз. Қыз-келіншектердің спорттағы ролі туралы пікіріңізбен бөліссеңіз…
– Қазіргі таңда нәзік жандар барлық салада өз орнын дәлелдеп келеді. Бұрындары «қыздарға спортқа бару қиын» деген түсінік болса, қазір біз бұл стереотиптерді бұздық. Мен спортта өзімді дәлелдегім келді, дәлелдей де алдым.
Маған үнемі: «Сен нәзік, әдемі қызсың. Қалайша осындай ауыр спорт түрімен айналысасың?» деп сұрақ қояды. Бірақ менің ойымша, нәзіктік – тек сырт келбет қана емес. Ол рухтың күшімен үйлескенде ғана нағыз сұлулық болады.
– Біздің оқырманды чемпион қыздың өмірбаяны да қызықтырады…
– Мен Индер ауданында дүниеге келдім. Үш жасқа келгенімде отбасым қала іргесіндегі Береке (Память Ильича) ауылына қоныс аударыпты. Ауылдағы мектептен соң Каспий өңірінің көпсалалы жоғары колледжі мен Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетін тәмамдадым. Мамандығым заңгер.
Біз үйде төрт ағайындымыз. Екі әпкем, бір ағам бар. Отбасымызда жалғыз спортшы – менмін. Әкем музыкант, анам медбике. Бірақ ешқашан «Қыз балаға ауыр спорт» деп шектеу қойған емес. Керісінше, әрдайым қолдау білдіріп келеді. Әр жарыстың алдында анам «Сақ бол, бәрі жақсы болады» деп бата береді. Әкем әр жекпе-жектен кейін бірден қоңырау шалып, нәтижемді сұрап жатады. Ал әпкелерім мен ағам – әрдайым тілекші.
Менің жеңісім – отбасымның сенімі мен қолдауының да жемісі.
Өлең – жүрек сырым
– Спорттан бөлек сіздің қандай қызығушылық-тарыңыз бар?
– Әсіресе, мен музыканы жақсы көремін. V сыныптан бастап Д.Нұрпейсова атындағы музыкалық мектепте дәріс алдым. Қазір де жарыс кезінде немесе бос уақытымда гитара, баян, укулеле аспаптарында ойнаймын. Өзімнің сезімдерімді, жеңіс пен жеңілістің эмоциясын қағазға түсіріп, өлең жазамын. Кейде достарыма арнап мотивациялық өлеңдер шығаратыным бар. Музыка – ішкі жан дүниемнің айнасы. Сонымен қатар, аспаздыққа да қызығамын. Әсіресе, жарыстардан бос уақытта тәттілер пісіргенді ұнатамын. Бұл мен үшін релаксацияның бір түрі.

– Ең жақын құрбыларыңыз кім?
– Менің ең жақын досым – каратэші Әсел Қанай. Жарыстарға бірге дайындаламыз, жеңісті бірге тойлаймыз, қиын сәттерде бір-бірімізге демеу боламыз.
Ал кумирім – бокстан әлем чемпионы Алуа Балқыбекова. Ол спортта ғана емес, өмірде де мықты адам.
Жарыс алдында құрбыларыма арнап өлең жазатыным бар. Бұл – оларға мотивация, ал өзіме рухани демеу.
– Болашақта спорттан кету ойыңызда бар ма?
– Әзірге спорттағы мақсаттарыма толық жеткен жоқпын. Тұрмыс құру да жоспарымда бар, бірақ асықпаймын. Егер отбасылық өмір мен спортты қатар алып жүруге мүмкіндік болса, жалғастырғым келеді.
– Қаракөз қыздарға қандай кеңес берер едіңіз?
– Қыз бала нәзік көрінгенімен, рухы мықты болуы керек. Қандай салада жүрсеңіз де, өзіңізге сеніңіз. Жеңістің дәмін тату үшін еңбектенуден қорықпаңыз. Егер біреу «Сенің қолыңнан келмейді» десе, бұл – тек алға жылжуға берілген мотивация!
– Аида, шынайы әрі ашық әңгімеңіз үшін рақмет! Жеңісті күндеріңіз көп болғай!
Сұхбаттасқан Майра ЕРҒАЛИ