Мақаттықтар «Жыл үздігі» атанды
Астана қаласында дене шынықтыру және спорт саласының 2024 жылғы республикалық қорытынды іс-шарасына арналған «Үздік – 2024» спорт премиясында «Мақат аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі» «Аудандық үздік денешынықтыру және спорт бөлімі» номинациясының жеңімпазы атанды.
Республика Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов бірлігі жарасқан үздік ұжымға 1 млн.теңге ақшалай сыйақы ұсынып, диплом мен тастұлға (статуэтка) табыстады.
Бөлім дәл осы марапатқа осыдан 3 жыл бұрын лайық атанып, аудан мерейін асырған болатын. Биыл да сол жетістіктерін қайталап, елорда төрінде мерейлері үстем болып отыр.
Бөлім басшысы Нұрлан Исполов бұл жеңіс ұжымның ортақ жеңісі, еңбегінің нәтижесі екендігін айтты.
– Биыл ауданның 100 жылдық мерейтойында көптеген іс-шара өтті. Ауыр атлетика, ұлттық спорт секілді спорттың әр түрінен жарыстар ұйымдастырылды. Көкпар спортынан екі рет аймақтық жарыс өткізілсе, республикалық деңгейде аламан бәйге, тай жарыс ұйымдастырылды. Бір рет облыстық деңгейде бәйге ұйымдастырылды. Бұқаралық спорттан да футбол біріншіліктері ұйымдастырылып, көптеген іс-шаралар атқарылды. Министрлік осы аталған жұмыстарды елеп, марапатқа лайық деп тауыпты, ерекше алғысымызды білдіреміз, — деді бөлім басшысы.
Нұрлан Теңелбайұлының айтуынша, Мақат ауданында спорттық инфрақұрылым құрылысы аяқталып, көптеген спорт кешендерінің құрылысы жүріп жатыр. Соның ішінде Мақат, Доссор кенттері мен Бәйгетөбе ауылдық округінде барлық талаптарға сай спорт кешендерінің құрылысы жүріп жатыр. Бөлім басшы мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса беретінін айтты.
Марапат құтты болсын, мақаттықтар!
Алмас ҚАБДОЛОВ