Жарнама
Спорт

Махамбет ауданында Аламан бәйге өтті

Жеңіс күніне орай Атырау атбегілерінің ұйымдастыруымен және Махамбет аудандық әкімдігінің қолдауымен таңдай ауылында ат бәйгесі дүркіреп өтті.

«Мыңнан тұлпар, жүзден жүйріктердің» тұяғы жер қайыстырған дүбірлі додаға Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарының ауыздығымен алысқан арғымақтары қатысып, бақ сынады. Бәйгеге келген жанкүйер жұртшылық, ең алдымен, 3 және 6 шақырымға созылған тай мен құнан жарысын және 24 шақырымдық аламанды тамашалады. Тай жарысында барлығы 8 жүйрік шауып, Құрманғазы ауданынан келген Нұрбеке Дүйсеновтың «Ақтолқын» атты тайы өзгелерден озық келді.

Екінші, үшінші болып жылыойлық Таңатар Асауовтың «Қазынасы» мен еркінқалалық Әсет Қазиханның «Ақмаңдайлысы» мәре сызығынан өтті. Құнан жарыс та жанкүйерлердің делебесін қоздырды. Оған барлығы 12 құнан қатысып, межелі екі айналымнан кейін-ақ «жүзден жүйріктер» белгілі болды. Бірінші болып Мақсот Нұржанұлының баптаған атыраулық «Хан торысы» келді. Одан кейінгі жүлделі орындарды көршілес Батыс Қазақстанның Тайпақ ауданынан келген Мерхат Жақсымбетовтың «Сымбаты» мен көктоғайлық Мәдениет Каримовтың «Жерұйығы» қанжығасына байлады. Ақыры көптен күткен аламан да басталды. Жылқы десе ішкен асын жерге қоятын қазақ үшін бәйгеден асқан қызық бар ма?!

Ауыздығымен алысқан 12 арғымақ көмбе сызығын қиып өткенде жанкүйерлердің делебесі қозып, қиқуға басты. Бірақ «Бақ шаба ма, бап шаба ма» дегендей, 8-ші айналымға «жүзден жүйрік» деген сәйгүліктердің барлығы бірдей жете алған жоқ. «Мыңнан тұлпарлар» ғана мәре сызығын қиып өтті.

Бәйгеден жылыойлық Орынжан Жақановтың «Мейірім» атты таза қанды байталының бағы жанды. Жарауы келіскен жануар мен шабандоз бала Нұрәли Аманқұл 24 шақырымды қиналмай шауып өтіп, бас бәйгені қанжығасына байлады. Ал, екінші орында Маңғыстау облысының Бейнеу ауданынан қосылған Сәкен Тітірбаевтың «Ақсұңқары» келсе, үшінші болып қызылқоғалық Манарбек Тұрлыбаевтың «Назқоңыры» жетті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жүлде қоры 1 млн. 850 мың теңгені құрайды. Аламанда бірінші орын алған жылыойлық байтал иесіне 600 мың теңге байрақ алып берді.

Айта кетерлігі, мұнда 5-орынға дейін жүлде тігілгенді. Бірақ аламаннан төрт сәйгүлік қана келді. Соңғысы исатайлық Әди Тұрланның «Бағдат көк» аты еді. Сондықтан өзге орын иелеріне 100-300 мың теңге аралығындағы ақшалай жүлде табысталды. Басты жүлделерді Махамбет ауданының әкімі Қайрат Нұрлыбаев салтанатты жағдайда табыс етті. Тай мен құнан жарысына да бірінші орын алғанға 100-200 мың теңге аралығындағы ақшалай сыйлықтар тігіліп, иесін тапты.

Ербол ҚОШАҚАНОВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button