Жарнама
Спорт

Кіл мықтылар келе жатыр

Қыркүйектің 5-13 аралығында Елорда төрінде өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары еліміздің түкпір-түкпірінде кең көлемде насихатталып жатыр. Дүбірлі дода қарсаңында жер-жерде баннерлер орнатылуда. Бұл елімізде ұйымдастырылып жатқан ауқымды іс-шараның маңыздылығын көрсетсе керек.
Әлем көз тіккен көшпенділер ойындарына Атырау облысынан жолдама алған спортшылардың қатарында дәстүрлі садақ ату, құсбегілік, қырғыздың алыш күресі, көкпар спорт түрлерінің шеберлері бар.

Бүгінде еліміздің құрама командалары мен жекелей сында шеберлік көрсететін спортшыларымыз жер-жерде оқу-жаттығу жиындарын өткізіп, дайындықтарын пысықтап жатыр.
Солардың бірі – алыш күресінен жастар арасында ел чемпионы, ересектер арасындағы чемпионаттың жеңімпазы, әлем чемпионатының жүлдегері Нұржан Сәрсенғалиев.

Ең алғаш рет он жасында қазақша күрестің әліппесін үйренуден бастаған Нұржан бұдан өзге де жарыстардың жүлдегері.
Биылғы чемпионатта қарсыластарын шаң қаптырған жерлесіміз «Спорт шебері» атағын сәтті орындап, көшпенділер ойынына жолдама ұтып алған болатын. Атырау қаласындағы облыстық «Олимпиадалық емес спорт түрлерінен Жоғары спорт шеберлігі мектебінің» шәкірті 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, еліміздің ғана емес, облыстың да намысын абыроймен қорғамақ.
Бүгінгі таңда ұлттық құрамамен бірге оқу-жаттығу жиындарына жүйелі түрде қатысып келе жатқан спортшы, көшпенділер ойынына дейін кезекті оқу-жаттығу жиынына қатысады.


– Анау мықты, мынау әлсіз демей қай қарсыласқа да дайындаламыз. Дайындығымыз жақсы. Күніне үш мезгіл дайындық жасаймыз. Қырғыз күресінің де басқа күрес түрлері секілді өзіне тән ерекшеліктері бар. Балуандар көгілдір және жасыл түсті арнайы киім киеді, шалбары ақ, белбеуі қызыл. Жекпе-жек тек тік тұрған күйде өтеді. Әр балуанның мақсаты – белбеуін жібермей, қарсыласын жауырынына жығу, — дейді Нұржан палуан.

Көшпенділер ойындарының тағы бір қатысушысы, Махамбет ауданының тумасы, көкжал көкпаршы Абылай Ұлықпанов жастайынан көкпар спортымен айналысады. Атыраудағы «Нарын» командасының капитаны ретінде ел чемпионатында сәтті өнер көрсетіп, ұлттық құрама команданың қатарына қосылған болатын. Шабуылшы қызмет атқаратын спортшының көкпармен айналысып жүргеніне 7 жылдан асқан.
Маусым айынан бері Алматы облысы, Талғар ауданында оқу-жаттығу жиындарына қатысып келе жатқан көкпаршы әлі жаттығуда жүргенін айтады. Байрақты бәсекеде елдің намысын жықпау – басты мақсаты.


– Көкпар спорты темірдей тәртіпті талап етеді. Содан соң аттың үстінде тақымың мықты болу қажет. Атты уақытында күтіп-баптау маңызды. Көшпенділер ойындарына осал қарсылас келмейді. Әр ел өздерінің жақсы дайындалған, мықтысын алып келеді. Олардың барлығы да жақсы дайындалған. Ең бастысы, өз елімізде өтіп жатқан жарыста жүлдесіз қалмау үшін барымызды саламыз, — деді А.Ұлықпанов.

Алмас ҚАБДОЛОВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button