Жарнама
Спорт

«Елдостан асқан мықты дзюдошы жоқ»

Франция астанасы – Парижде XXXIII жазғы Олимпиада ойындары өтіп жатыр. Төрт жылдықтың басты додасының алғашқы күндері дзюдо шебері Елдос Сметов ел қоржынына алтын жүлде салып, дүйім жұрттың мерейін асырды. Өзі қатысқан үш Олимпиададан да олжалы оралған дзюдошының спорттық мансабы мен шеберлігі туралы айтылып та, жазылып та жүр. Оның бізге беймәлім қырлары мен адамгершілік қасиеті туралы спорт әлемінде қатар жүрген әріптестері естеліктерін айтып, чемпион туралы пікірлерін білдірген еді.

Елдосты Атырауға шақырады

Соның бірі – спорт шебері, ел чемпионы, дзюдодан Әлем кубогінің жүлдегері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, самбодан Азия чемпионы, бүгінде №5 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Рашид Құлбаев Елдостың облысқа келген сапары барысында жергілікті жастардың құлшыныс-талабын ерекше арттырғанын айтты.

img 1153

Елдос Атырауға 2017 жылы келгенде, Исатай ауданының орталығында ауданның Құрметті азаматы, еңбек ардагері Бақтығали Ғұбайдуллинді еске алуға арналған республикалық турнир өтіп жатқан еді. Сол додада жасөспірімдер дзюдодан, ересектер қазақ күресінен бәсекеге түсті. Екі күнге созылған ашық турнирге Рио-де-Жанейро Олимпиадасының күміс жүлдегері Елдос Сметов те қатысты. Турнирдің басты мейманы сол жолы жергілікті азаматтардың сый-құрметіне бөленді. Париж Олимпиадасының чемпионы Атырауға былтыр да келгенінен жұртшылық жақсы хабардар.

– Оның еңбекқорлығы өз алдына, адамгершілігі де мол. Ағаны аға деп, ініні іні деп құрмет тұта алатын азамат. Өз білгенін бөлісіп, өзгеге болсын деп тұратын қасиеті сүйсіндіреді. Уәдесін жұтпайтын, қайсар мінезі де бар. Соның нәтижесі болса керек, үш Олимпиададан да олжалы оралып отыр. Оның үстіне сөзі мірдің оғындай, өнерден де құр алақан емес. Жақында туған күнімде арнайы хабарласып құттықтады. Бір елдің азаматы болған соң, біз де оны қолдап, ағалық тілегімізді айтып жүреміз. Спортта жеңіс пен жеңілістің аралас жүретін әдеті ғой, соңғы Олимпиадада жолы болмай қалды. Оның үстіне артынан еріп келе жатқан мықты жас қарсыластары да бар. Кешегі доданың алдында сол жастармен кездесіп, жолдама ұтып алған еді. Біздің елде 60 килограмдық салмақ дәрежесінде бәсекелестік күшті. Төрт жылда бір келетін жарыс болғандықтан спортшының психологиялық тұрғыда дайындығы өте маңызды. Спортшы физикалық және тактикалық тұрғыдан да дайын болуы тиіс. Спортшыларға зор сенім артылады. Мысалы, қазіргі өтіп жатқан Олимпиадада әлем чемпиондары да есе жіберіп қойып жатыр. Ал, Елдос – психологиялық жағынан мықты спортшылардың бірі. Ел Президентінің алдында тұрып, жеңіс туымен оралуға берген уәдесінде тұрды, табандылығының арқасында жеңісті жұлып алды. Ол әрбір спортшының қолынан келе бермейді. Екеуміз аға мен іні ретінде де жақсы араласамыз. Облыстың жігерлі жастарын қолдауға шақырған кезде де сөзімізді жерге тастаған емес. Енді қыркүйек айынан бастап Елдос секілді чемпиондық тәжге қол жеткізуге ұмтылыс артатынына кәміл сенемін. Елге оралған соң чемпионымызды мұнайлы өңірге шақырмақпыз. Жастарға білгенін үйретіп, үлкен мотивация беретіні сөзсіз. Дзюдодан ұлттық құрамада жүрген кезімде Елдостың жастар құрамасынан біздің ортамызға келгенін көрдім. Сол кезде-ақ оның еңбекқорлығын байқағанмын. Кешегі финалдық бәсекені әріптестермен, шәкірттермен бірге теледидар арқылы көрдік. Абиба қарындасымыздың жеңілісінен соң Елдос бауырымыздың жеңісі еңсемізді көтеріп тастады, — деді Рашид Қожахметұлы.

Р.Құлбаев дзюдодан алғашқы ел чемпионаты 2010 жылы Атырауда өткенде Елдос ересектер арасында тұңғыш рет чемпион атанғанын да ұмытпапты. Оған дейін ол жастар арасында әлем чемпионы болатын. Содан бастап Е.Сметовтың есімі жиі атала бастағаны рас.

Спаррингтегі сөзінде тұрды

Ал, Токиодағы Олимпиаданың алдында дайындығына көмектесіп, күрес кезінде жұптасып жаттыққан әріптесі, ел чемпионы, Еуропа кубогінің жүлдегері, Ислам ынтымақтастығы ойындарының жүлдегері Қанат Сейілхан Елдосты елдің мықты спортшыларының бірі ретінде таниды.

img 1155

– Мойындау керек, елімізде Елдостан асқан мықты дзюдошы жоқ. Мұны ел біледі, ол мықты әрі жылдам спортшы. Бірде өзінің: «Олимпиаданың алтынын оң жағынан да, сол жағынан да көрдім, енді үстіне шығамын» деп айтқаны бар. Міне, Париж төрінде сол сөзінде тұрып, дегеніне жетті. Елдос үшін барша ел қуанды, өйткені ол Қазақ елінің абыройын асқақтатты. Ол спортшы ретінде ақыл-кеңес сұрағанға еш бәлсінбей, әрдайым пікірін білдіріп, бағдар сілтеуге дайын тұрады. Тәкаппарлық сияқты жағымсыз қылығын көрген емеспін. Керісінше жөн сөйлеп, ақыл-кеңесін айтуға бейіл. Күнделікті өмірде де түрлі жағдайларға қатысты ойын іркіп көрген жоқ. Өз басым оны жаһанға танымал саңлақ спортшы ғана емес, өмірде де адамгершілігі жоғары азамат ретінде танимын. Бірнеше рет жұптасып жаттыққан кезде де қазақтың ішінен Жақсылық ағамыздан кейінгі күрес түрлерінен Олимпиада чемпионы болуды армандайтын. Өте ақылды спортшы ретінде күрестің әдіс-айласын, оны қалай өрбіту керектігін де жақсы біледі. Қай жерде күш алып, әдіс жасау керектігін, қай жерде демалуды да сезіне біледі. Осы қыры арқылы өзі қатысқан талай жарыстарда жеңімпаз атанып жүр. Психологиялық тұрғыда да, дене күші жағынан да бір саты жоғары екенін дәлелдеп келеді, — деді Қ.Сейілхан.

Төртжылдықтың басты бәсекесінде тағы бір дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев өзінің алғашқы Олимпиадасында қоржынға олжа салып, қола медальге ие болды. Ал, нысана көздеуден ел құрамасының мүшелері Ислам Сәтпаев пен Александра Ле пневматикалық винтовкамен оқ ату бәсекесінде Германия құрамасын жеңіп, тағы бір қола жүлдені қанжығаға байлаған болатын. Қазақстан спортшыларының айшықты жеңістері басқа да өрендерге жұғысты болуына тілектеспіз!

Алмас ҚАБДОЛОВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button