Бұла күштің иесі Құрманғазыда тұрады
Қазақ даласы қай заманда да бойында бұла күші қайнаған қайратты жандардан кенде болмаған. Атақты Балуан Шолақ, Иманжүсіп пен Қажымұқан, берідегі Шоқыр Бөлтекұлы, Әбдісалан Нұрмаханов, Әбілсейіт Айқанов, Жақсылық Үшкемпіров есімдері күллі әлемге мәшһүр болған еді. Тіпті, 80-жылдардың ортасынан бастап Атырау облысын басқарған мемлекет қайраткері Асқар Құлыбаевтың да Шоқыр Бөлтекұлының мектебінен тәрбиеленген талантты Балуан екенін екінің бірі біле бермейді. Ал, Қиғаш бойының тумасы Ерсейіт Бірәлинді сол балуан-батырлардың бүгінгі сарқыты деуге әбден негіз бар. Осы күні әлеуметтік желіде бұл жігіттің қайратына таңғалушылардың саны күн санап көбейіп барады.
Жақында ол көмір тиелген 94 тонналық вагонды сүйреп, Батыс Қазақстан бойынша рекорд орнатты. Алып күш иесінің ауыр вагонды сүйреген сәті түсірілген видео Instagramдағы atyrauoil.official парақшасында жарияланды. Айтуынша, оның ендігі мақсаты – 120 тонна болатын 5 вагонды сүйреу. Егер бұл ойы іске асса, Қазақстан рекорды жаңаруы мүмкін.
Бала кезден спортқа сүйіспеншілік
Ел арасында нағыз қара күштің иесі атанған Ерсейіт Нұрмұханбетұлы 1990 жылы 5 ақпанда бұрынғы Теңіз ауданындағы қарапайым отбасында туған. «Атырау-Жарық» компаниясының аудандық бөлімшесінде жұмыс істеген әкесі Нұрмұханбет Шамұратұлы Бірәлин жұбайы, аудандық емханада медбике болып істейтін Гүлфайрус Сағынбайқызы Мирманова екеуі отбасында екі ұл тәрбиелеп өсірді. Үлкені Ерсейіт 2005 жылы М.Әуезов атындағы орта мектептің ІХ сыныбын бітірген соң Атырау қаласындағы бизнес және құқық колледжіне оқуға түскен. 2006 жылы №3 Құрманғазы кәсіптік лицейінің «Ауыл шаруашылығы өндірісінің шебері» мамандығына оқуға ауысып, 2008 жылы «фермер» мамандығы бойынша диплом алып шығады. 2008-2009 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі қатарында Отан алдындағы борышын өтеп келген соң «Группа №4» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде күзет қызметінде істейді. 2013 жылы Құрманғазы аудандық төтенше жағдайлар бөліміне жұмысқа ауысқан Ерсейіт аудан орталығындағы өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары бөлімінде бөлімше командирі болып жұмыс істеп жүріп, аға сержант шенімен жоғары көрсеткіштерге ие болады. Адал қызметі үшін бірнеше рет Алғыс хаттар және грамоталармен марапатталған.
Бастапқыда спортқа қызығып әуестенген Ерсейіт мектепішілік, кейін ауылдағы түрлі спорттық шараға қатыса бастапты.
– Наурыз мейрамы, Жеңіс күні, Ораза айт, Құрбан айт сияқты мерекелерде ауылда міндетті түрде бұқаралық шаралар ұйымдастырылады. Сол шараларда қазақша күрес, кір тасын көтеру, қой көтеру сияқты жарыстарға қатысып, бірнеше рет жеңімпаз да атандым. Спортпен кәсіби тұрғыда айналысамын деген ниет осындай кішігірім жеңістерден туындады, — дейді ол.
Жүлде жауған жылдар
Пауэрлифтингпен күнделікті салауатты өмір салтын қалыптастыру үшін шынығатын Ерсейіт Бірәлин додаларда бақ сынаудан еш тартынбайды екен. Қара күштің иесі аудан, облыс, республика көлемінде өткен түрлі жарыстарда көзге түсіп, туған жердің мерейін асқақтатып та жүр. 2020 жылы Шымкент қаласында пауэрлифтингтен өткен Қазақстан Республикасы чемпионатының жүлдегері атанып, турникке 16 келілік кір тасын іліп тартылудан «Қазақстан Республикасының спорт шеберлігіне кандидат» спорттық атағы беріледі.
Ал, 2021 жылы стритлифтингтен, штанганы бицепске салып көтеруден спорт шеберлігіне үміткер, Ақтөбе қаласында кір тасын көтеруден өткен республика чемпионатында жүлдегер атанса, Атырау қаласында құқық қорғау қызметкерлері арасында самбо күресінен ұйымдастырылған облыстық біріншілікте жеңімпаз болып топ жарды. Сол жылы Құрманғазы ауданының даму қорытындысы бойынша «Үздік спортшы» аталымына да лайық деп танылды. Ауданда өткен түрлі спорттық іс-шараларда қой, 32 келілік кір тасын көтеруден алдына түсер ешкім жоқ.
Ақтау қаласында өткен республикалық «Толағай» атты алыптар сайысынан І орын иеленген Ерсейіт бір минут ішінде қашықтыққа салмағы 141 килограмм табиғи тасты көтеріп жүру, ұзындығы кемінде 80 сантиметр және 150 сантиметр аспайтын, диаметрі 14-16 миллиметрден кем емес арматураны мойынға қойып ию, ұзындығы 2-3 метр, салмағы 500 килограмм арбаны сүйреу, ұзындығы 150 сантиметр аспайтын, салмағы 10 килограмм ұшы темір, табиғи ағаштардан жасалған найзаны қашықтыққа лақтыру бойынша сынға түсті. Атыраулық алып жігіттің мықтылығы мен ептілігіне көрермендер де тәнті болған.
– Желтоқсанда өтетін республикалық алыптар сайысына жолдама алдым. «Толағай» сайысы – батырлардың жүріп өткен жолын дәріптейтін, қазақтың этноойындарын жаңғыртатын ерекше жоба. Қазақ халқы қашанда темірден түйін түйіп, тау көтерген батырларымен ерекше. Сондықтан мұндай алыптар сайысына қатысып, өнер көрсету мен үшін зор мәртебе, — дейді қайсар жігіт.
Астана қаласында өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының республикалық іріктеу кезеңі – «Толағай» алыптар сайысынан ІІІ орынды қанжығасына байлаған Ерсейіт Алматыда өткен Азия чемпионатында да жүлделі орынға ие болды. Бұл чемпионатқа бес мемлекеттен 600-ге жуық спорт шебері қатысқан еді. Барлық салмақ дәрежесі бойынша ұйымдастырылған екі күндік чемпионатта Қазақстанның намысын қорғап, өз деңгейінен жоғары, яғни 105 килограмм салмақта III орынды жеңіп алған.
Биыл 25-27 қазан аралығында Қырғыз Республикасының астанасы – Бішкек қаласында 10-нан астам мемлекеттен қатысқан 800-дей спортшы әртүрлі салмақ дәрежесінде сынға түскен әлем чемпионаты өтті. Бұл жолы да 100 келі салмақ дәрежесінде Ерсейіттің бағы жанып, қарсыластарынан оқ бойы озып, алтыннан алқа тақты. Әрине, жеңіс оңай келмейді, оның артында төккен тер, тынымсыз жаттығулардың тұрғаны анық. Көрсетілген сенімді ақтап, елдің мерейін асқақтатты.
Жеңісті сәттер тағы да жалғасын тауып, 1-9 сәуір күндері Көкшетау қаласында өткен классикалық пауэрлифтингтен Қазақстан Республикасының чемпионатында жас палуан ІІІ орынды жеңіп алды.
Ерге құрмет – елге міндет
Екі баланың әкесі Ерсейіт Бірәлин спорт пен қызметті қатар ала жүріп, өз білімін көтеру мақсатымен Шымкент қаласындағы университетте оқып, дене шынықтыру және спорт мамандығы бойынша жоғары білім алған.
Жерлестері жуырда спортшыға құрмет көрсетіп, аудандық өрт сөндіру бөлімі ғимаратының бір бөлмесін әлем чемпионының құрметіне арнайы жасақтапты. Зілтемір, кір тастары, жаттығу құрылығыларының түр-түрі, басқа да спорт құралдары тұрған бөлмемен танысқан соң сала ардагерлері атынан сөз алған Сәкен Хабибуллин есімі алтын әріппен жазылған естелік сыйлықты чемпионға табыс етті.
Аптаның үш күнінде үш сағатын жаттығуға арнайтын Ерсейіт ауыр салмақ көтерумен бұрыннан айналысып келе жатыр. Ендігі арманы – шәкірт тәрбиелеп, осы салада чемпиондар шығару.
– Қазір Атырау қаласындағы «Санаторий» фитнес орталығында жаттығып, жарыстарға қатысып жүрмін. Спортшыны жеңіске жетелейтін мінезі екенін үйреткен жаттықтырушым Александр Литвиновке алғысым шексіз. Спортшыда тек жеңіске деген ұмтылыстың болуы аз, өзіне тән мінез бен жігер болуы тиіс. Жұмысымыздың ерекшелігі де сол, өрт сөндіру, құтқару жұмыстарында дене бітімінің мықтылығы мен арнайы дайындық өте қажет. Сол себепті спортқа арнайы уақыт бөлемін, — дейді ол.
Сөз соңында…
Күреспен аты шыққан Жақсылық Үшкемпіров, Шәміл Серіков, Дәулет Тұрлықанов, Бақтияр Байсейітов, Қанат Байшолақов, Асқар Шайхиев, Мәулен Мамыров, Бақыт Однай, Жолдыбек Қоңыров, Бауыржан Садыханов, Асхат Шахаров, Қоныс Жетпісов сынды балуандардың жетістіктері де отандық спорт шежіресінен ешқашан сүртілмейтін тарихқа айналғаны сөзсіз. Бұған Еуропа мен Азияның шыңына ту тіккен қайыспас қайсар ұлдарды қосыңыз.
Демек жас балуан Ерсейіт Бірәлин де елдің құрмет-қошеметіне лайықты бөленіп жүрген жайы бар. Өйткені, ол – Олимп шыңына Шоқырдың ізін баса шыққан Бақи, Жүрек, Болат, Қабден, Махмұт пен Мақсоттардың ізбасары.
Еркеназ ҚАЛИЖАН
Құрманғазы ауданы