
Ботагөз – ел кубогінің жүлдегері
Шахматтан балалар арасындағы Республика Кубогінің IV кезеңінде атыраулық жас өрен, №41 мектеп- гимназиясының оқушысы Ботагөз Жылқожа жүлдегер атанды.

Қазақстан шахмат федерациясы (KazChess) ұйымдастырған жарысқа еліміздің әр аймағы мен көршілес Қырғыз Республикасы, ФИДЕ (Ресей) елдерінен 200-ден астам жас шахматшы қатысты.
Турнирдің басты қаһармандарының бірі атанған он жасар жерлесіміз шахматпен алты жастан бастап айналысады. Жас шахматшының әкесі Нұржан Кенжеахметов қызын мақтан тұтатынын айтып, қуанышымен бөлісті.
– Біз оны алғаш рет Динара Сәдуақасованың жергілікті шахмат клубына жазғанбыз. Көп кешікпей жақсы нәтиже көрсете бастады. Тіпті бірінші дәрежелі шахматшы атанып, қалалық, облыстық жарыстарда топ жарды. Биыл ел чемпионатында VII орынға ие болды. Өткен айда Азия чемпионатында өнер көрсетті. Бұл халықаралық жарыстардағы алғашқы тәжірибесі болатын. Мінекей, ел Кубогі жолындағы бәсекеде жалпы есепте III орынға қол жеткізіп, қуантып отыр. Ол еліміздегі мықты шахматшылармен шеберлік сынады. Ақтық ойындарының бірінде Қырғыз Республикасының өкіліне есе жіберді. Біз оның осы жетістігіне қуаныштымыз. Жалпы есеп бойынша III орынға қол жеткізсе, 10 жасқа дейінгі қыздар арасында бірінші орынға ие болды. Бірнеше күн бұрын блиц турнирде олжалы оралды. Алдағы уақытта да өзінің шеберлігін шыңдауға құлшынысы болса, біз әркез қолдауға әзірміз, — деді Н.Кенжеахметов.

Сондай-ақ, ол қызына шахматтың қыр-сырын үйреткен алғашқы ұстаздары Әлсейіт Бектасов, Мақсот Айбек, Жәнібек Амановқа және онлайн ABchess шахмат мектебіне ерекше алғысын білдірді.
Алмас ҚАБДОЛОВ