Байдарка мен каноэ есуден қала чемпиондары анықталды
Атыраулықтар қала күнін кең көлемде атап өтті. Қала күніне арналған байдарка мен каноэда ескек есуден қалалық турнир өтіп, оған 50-ден астам спортшы қатысты.
Жоғары нәтиже көрсеткен спортшылар Атырау облысы құрама командасының сапына алынып, олимпиадалық резервті дайындау орталығына қабылданады. Жайық жағасында өткен жарыста Руслан Емуранов пен Никита Балдин екі аталым бойынша үздік нәтиже көрсетсе, Азамат Асқарұлы, Сәбилә Баялы, Альмира Қадырбайлар екі аталым бойынша I-II орындарға ие болды. Тимур Саматұлы екі аталымнан да II орынға табан тіреді. Ал, Дмитрий Богачкин екі аталым бойынша I-II орынға қол жеткізді. Арсен Қадырбай мен Кирилина Емуранова III орындарға табан тіреді.
– Аталған жеңімпаз және жүлдегер спортшылар 2008 жылы туған және одан кіші ескекшілер арасындағы және 2006-2007 жылы туған спортшылар арасында өткен Қазақстан чемпионатына қатысып, жүлделі орындарға ие болған жас өрендер. Сондай-ақ, бұл спорт түріне қатысып жатқанына бір жыл толған бірнеше спортшы «Спорт шеберлігіне үміткер» разрядын орындағандар, — деді жарыстың бас төрешісі Николай Богачкин.
Атырау қаласы әкімі аппаратының басшысы Самат Емберген бұл спорт түріне облыс және қала әкімдігінің қолдауы артқанын айтып, қатысушыларды қала әкімінің атынан құттықтап, сәттілік тіледі.
Айта кету керек, облыс тарихында ескек есу спортының өзіндік орны бар. Қазақстандағы байдарка мен каноэ спортының іргетасы Атырау қаласында қаланған.
Алмас ҚАБДОЛТЕГІ