
Атыраулық журналистер республикалық турнирде жеңіске жетті
Қазақ спортының комментаторы Амангелді Сейітхановты еске алуға арналған БАҚ өкілдері арасындағы республикалық шағын футбол турнирінен «Атырау» командасы ІІІ орынды жеңіп алды.

Алматы қаласында өткен тартысты додаға еліміздің әр өңірінен 13 команда қатысты. Турнирдің «Үздік қақпашы» номинациясын жеңіп алған Нұрислам Ғұмар өзінің Facebook желісіндегі парақшасында сайысқа қатысуға қолдау көрсеткен азаматтарға команда атынан алғысын айтты.

-Кіл мықты командалардың арасынан суырылып шығып, жүлделі орынға тұрақтау оңайға соқпады. Неше түрлі эмоция мен жарақат та болды. Осы сайысқа қатысуымызға демеушілік білдірген ел ағаларына команда атынан алғыс айтамыз!, — деп жазды ол.
Айта кетейік, жергілікті БАҚ өкілдерінен құралған футбол командасы былтыр да аталған турнирден ІІІ орынды иеленген болатын.
Малика ТӘКЕЖАНҚЫЗЫ