Атыраулық спортшылар жүлдемен оралды
Атыраулық спортшылар елімізді тағы бір мәрте халықаралық деңгейде абыроймен танытып, өңірге жүлдемен оралды. Спортшылар V Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарында және ҚР ІІІ чемпионатында жүлделі орындарға ие болып, Атырау облысының спорт тарихына тағы бір жарқын жетістік қосты.
V Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарында атыраулық Марат Бексұлтан құсбегілік сайыстарында күміс жүлдені иеленді. Ал құсбегілік өнерінде Арман Қошқаров, алыш күресінде Нұржан Сәрсенғалиев қола медальды қанжығаларына байлап, өздерінің спорттық шеберліктерін халықаралық аренада дәлелдеген болатын.
Осыдан кейін, 22-25 қыркүйек аралығында Алматы қаласында өткен ҚР ІІІ чемпионатында Атырау облыстық дәстүрлі садақ ату федерациясының садақшылары «BATUHAN ZHEBESI» командасының құрамында сынға түсіп, топ жарып шықты. Барлығы 250-ден астам қатысушының арасынан ерекшеленген атыраулық спортшылар жеке жарыстарда жүлделі орындарға қол жеткізді. Бұл чемпионатта 18 спортшы 17 облыстан келген үздік садақшылармен бақ сынап, Атырау облысының намысын қолдан бермей, І орынға ие болды.
– Қазақстанда дәстүрлі садақ ату 2022 жылы ресми спорт ретінде танылды. Дүниежүзілік көшпенділер ойынына 250-ден астам спортшы қатысты, оның ішінде Қазақстан атынан 10 садақшы өнер көрсетті. Финал өте тартысты өтіп, Алматыдағы ҚР чемпионатында да біздің спортшылар лайықты нәтиже көрсетті. Бұл – үлкен еңбектің жемісі, – деді спорт шебері М.Бексұлтанұлы.
Атыраулық спортшылардың бұл жетістігі аймақ спортының қарқынды дамып келе жатқанын көрсетіп қана қоймай, ұлттық спорт түрлерін халықаралық деңгейде танытуға зор үлес қосуда.
Тоғжан ЕРМЕК
Суретті түсірген автор