
Атыраулық спортшы АҚШ-та жеңімпаз атанды
Атыраулық Абдурахим Қаршыға АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өткен 70 кг салмақ дәрежесінде джиу-джитсу спортынан «Naga» халықаралық турнирінде чемпион атанды. Бұл бәсеке әлемнің түкпірінен келген тәжірибелі спортшылардың басын қосты. Абдурахим Қаршығаның жеңісі осы додада Атыраудың ғана емес елдің де абыройын арттырды.
Жыл сайын ұйымдастырылатын осы маңызды турнирге қатысу үшін көптеген спортшылар жарысқа жоғары деңгейде дайындалады. Ал Абдурахим болса бұл сында өз мықтылығын дәлелдеп, қарсыластарына ойлануға мұрша бермеді.
Алғашқы айналымда ол австралиялық қарсыласын айқын басымдықпен жеңді. Кейінгі кезеңдерде екі америкалық спортшыны да ешқандай мүмкіндік қалдырмай басым түсті. Қаршыға өз қарсыластарына қарсы ауырту әдісін сәтті қолдана отырып, ұпай санымен де жеңіске жетіп жатты.
Бұл турнир АҚШ-та дәстүрлі түрде өткізіліп, джиу-джитсу әлемінде жоғары бағаланатын жарыстардың бірі болып саналады. Жарыс барысында ол күлгін белбеу иегері атанып, көрермендер көзайымына айналды. Бұл жеңіс оған халықаралық аренада тағы бір мәрте мықтылығын дәлелдеуге мүмкіндік берді.
Алмас ҚАБДОЛ