
Атыраулық құтқарушылар олжалы оралды
Қостанай облысының Тобыл қаласында өрт-құтқару спортынан республикалық деңгейдегі жарыс өтті. Сайысқа еліміздің барлық өңірінен 22 команда қатысып, спортшылар төрт кезең бойынша өзара бақ сынасты,-деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Жарыс аясында ерлер арасындағы XXXI жазғы чемпионат, әйелдер арасындағы XI чемпионат, сондай-ақ жасөспірімдер арасындағы XIV жазғы чемпионат ұйымдастырылды. Негізгі мақсат – өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың кәсіби шеберлігін, физикалық дайындығын және төтенше жағдайларда жедел әрекет ету дағдыларын жетілдіру.

– Біз Атырау облысы ТЖД өрт-құтқару спорты құрама командасы болып қатыстық.
Барлығы жақсы дайындалған. Жарыс стадионда өтті, жағдайлар қолайлы болды. Жүлделі орын алу – үлкен еңбек пен жауапкершіліктің нәтижесі. Командада әр спортшының қателеспеуі маңызды, сондықтан жаз бойы Томарлы стадионында тұрақты дайындалдық. Соның арқасында жақсы нәтиже көрсете алдық,- деді Атырау қаласы ТЖБ бастығының орынбасары Айбек Құспанғалиев.
Шабуыл сатысымен көтерілу кезеңінде құтқарушы Ерсаинов Дәурен жекелей есепте III орын иеленіп, ҚР спорт шебері нормативін орындады. Бұл – Атыраудан шыққан тұңғыш спорт шебері. 4х100 өрт-құтқару эстафетасы бойынша команда II орынға ие болды. Жалпыкомандалық есепте Атырау облысы алтыншы орынды иеленді.