
Атыраулық құрама «Swim Feels Cup» ашық республикалық жүзу турнирінде үздік нәтиже көрсетті
4-6 сәуір аралығында Көкшетау облысы Щучинск қаласында өткен ашық республикалық турнирде атыраулық құрама жалпы есепте 236 ұпаймен I орынға ие болды. Жарыстың нәтижесінде спортшылар 19 алтын, 8 күміс, 2 қола медальді иеленді, — деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Үшінші рет өткізіліп отырған турнирге 10-15 жас аралығындағы спортшылар қатысты. Шарада еліміздің түкпір-түкпірі мен Ресей Федерациясынан барған жалпы саны 600 спортшы бақ сынады.
— Бұл — атыраулықтар үшін тарихта болмаған үздік көрсеткіш. Өңірден турнирге 18 спортшы қасты. Олар үш жас аралығындағы, яғни, 2009, 2011, 2013 жылы туған балалар. Құраманың басым көпшілігі 2013 жылғылар болды,- деді «Мұнайшы» орталық жүзу бассейні су спорты клубы директорының орынбасары Ернұр Қойлиев.
Спортышылар «Swim Feels Cup» турниріне қатысу арқылы бақ сынап қана қоймай, тәжірибе алмасты. Қатысушылар 25 метр қашықтықта түрлі бағыт бойынша жарысқа түсті.
-Щучинскідегі соңғы турнирде 50 және 100 метрге еркін стильде, сондай-ақ 100 метрге кешенді жүзу бойынша жарысқа шықтым. Солардың ішінде мен 4 алтын медаль жеңіп алдым. Өте көп дайындалып, еңбек еттім. Маған бұл жарыс қатты ұнады, өйткені қатысушылар мен спортшылар тек Қазақстаннан емес, Ресейден де болды. Сондықтан бәсекелестік жоғары және күшті болды,- деді қатысушы Дария Мейрам.
Айта кетейік, жарыс қорытындысы бойынша Атырау облысының командасы 236 ұпаймен І орынға, Қызылорда мен Астана командалары 222 ұпайдан жинап, ІІ орын иеленді. Ал 219 ұпай жинаған Қостанай облысының құрамасы ІІІ орынды қанжығалады.