
Атыраулық өрт сөндіруші Азия чемпионы атанды
Жуырда Қарағанды қаласында өткен Азия чемпионатында атыраулық спортшы жоғары нәтиже көрсетіп, жеңіске жетті. Жарыс жасөспірімдерден ардагерлерге дейінгі жас санаттарын қамтып, 5 мемлекеттің 400-ге жуық спортшысы күш сынасты. Чемпионат барлық салмақ дәрежелері бойынша өтті.

Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің Құрманғазы аудандық №7 өрт сөндіру бөлімшесінің командирі, азаматтық қорғау аға сержанты Ерсейіт Бралин пауэрлифтингтен 100 келі салмақ дәрежесінде бақ сынап, өз санатында Азия чемпионы атанды.

–Екі күнге созылған жарыс барысында спортшылар күштік спорт түрлері бойынша тартысты бәсекеге түсті. Жеңімпаз атанған Ерсейт үшін пауэрлифтинг – тек спорт қана емес, салауатты өмір салтының ажырамас бөлігі, — дейді облыстық төтенше жағдайлар департаменті имидждік жұмыс және сыртқа коммуникациялар тобының өкілдері.

Айта кетейік, азаматтық қорғау қызметкерлері кәсіби міндеттерімен қатар, дене дайындығы мен спорттық жетістіктеріне де ерекше көңіл бөледі.
Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ