Атыраулық Иманғали Абдулкәрімұлы бүркітшілер сайысында жеңімпаз атанды

2302141206360212g Спорт

Жетісу облысында жастар арасында құсбегілік ұлттық спорт түрінен XIV ел чемпионаты мәресіне жетті. Ең үздік көрсеткіштерге ие болған жеңімпаздар арнайы жүлделермен марапатталды, деп хабарлайды құсбегілік федерациясы.

Бүркітшілер сайысы бойынша Атырау облысынан қатысқан Иманғали Абдулкәрімұлы жеңімпаз атанды. Екінші орында алматылық Әсет Әділов, ал үшінші орынды Серікболсын Жалғасұлы (Жамбыл облысы) мен Диас Күнтуған (Астана қаласы) алды.

Қаршығаны қолға шақырудан Алматы облысының өкілі Сейітжан Бексұлтан бас жүлдені иеленді. Жүлделі екінші орынға Түркістан облысынан келген Паң Төлемырза ие болса, үшінші орынды елордалық Ерасыл Серікбекұлы мен түркістандық Мұхаммед Намазбай өзара бөлісті.

Ителгі салудан Түркістан облысынан келген Мүсәлім Салманға тең келер құсбегі болған жоқ. Жүлделі екінші орында Жамбыл облысының намысын қорғаған Берікболсын Бабажан, ал үшінші орынға Паң Төлемырза (Түркістан облысы) мен Ердана Самғат (ШҚО) тұрақтады.

Командалық есепте Түркістан облысының құсбегілері 1 алтын, 1 күміс, 2 қола медаль қанжығылап, көш бастады. Атырау және Алматы облысының өкілдері екінші және үшінші орынға жайғасты.

«Жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен жиналдық. Құсбегілік өнері қазақ халқының ежелден келе жатқан көне дәстүрінің бірі екені рас. Көшпенділер өмірінен берік орын алған бұл өнер түрі бүгінгі таңда жастар арасында да танымал. Жарысқа баптаған бүркітімнің аты – Алабас. Дайындыққа 5-6 айдай уақыт қажет болды. Жалпы, жарыстың ұйымдастырылуы көңілімнен шықты. Қарсыластарым да мықты болды. Мұндай спорттық шаралардың ұлттық дәстүрін дәріптейтін, елін, жерін сүйетін азаматтар тәрбиелеуде маңызы зор деп есептеймін», – деді бүркітшілер арасында чемпион атанған Иманғали Абдулкәрімұлы.

Чемпионатқа Алматы, Қарағанды, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Түркістан, Маңғыстау, Атырау, Абай, Жетісу облыстарының, сондай-ақ Астана және Алматы қалаларының 70-ке жуық спортшысы қатысқан болатын.

«Құсбегілік ұлттық спорты қазақ тарихында тамыры тереңге тараған еліміздің төл мәдени құндылығы болып саналады. Құсбегілік ҚР Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің бұйрығымен ұлттық спорт түрі ретінде танылған сәттен бастап 7 мемлекеттің қатысуымен 1 рет Әлем чемпионаты, 2 рет Азия чемпионаты (5 мемлекет), 40-қа жуық халықаралық турнир мен 15 рет Қазақстан Республикасының чемпионаттары ұйымдастырылды. Аталған спорт түрі Астана, Алматы қалаларында және еліміздің басқа да өңірлерінде тұрақты дамып келеді. Біздің мақсатымыз – ата дәстүрімізді дәріптеп, сан ғасырдан бері әдет-ғұрпымызға сіңісті болған дара өнерімізді бұқаралық спортқа айналдыру. Әлемдік деңгейге көтеріп, Отанымызға саяхаттап келуші туристердің қызығушылығын туғызатындай дәрежеге жеткізу. Сол бағытта жұмыс атқарып жатырмыз және жалғастыра береміз», – деді республикалық құсбегілік федерациясының вице-президенті Жанжігіт Омархан.

Фото: Құсбегілік федерациясы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз