Атыраулық бапкерге шәкірті 10 миллион теңге сыйлады
Атырауда Қазақстан Республикасының құрметті спорт қайраткері Асан Раушановтың жүлдесіне арналған жасөспірімдер арасында дзюдодан республикалық турнир басталды.
Турнирдің ашылу салтанатында мерейгер Асан Раушановқа «Қазақстанның еңбегі сіңірген жаттықтырушысы» атағы берілді.
Білікті бапкердің мерейін асырған шарада шәкірті, Қазақстан Республикасы парадзюдо күресінен бас жаттықтырушы Жандос Қиянов ұстазына өз атынан 10 млн. теңгелік сертификат табыстады.
Асан Сайынұлы көптеген белгілі спортшыларды тәрбиелеген өте білікті ұстаз. Сондықтан да оған қандай қошемет те артық емес деп ойлаймын. Қазақстанның спорт күнтізбесіне енген бұл турнир де ағайымызға деген лайықты құрмет әрі жастардың шыңдалуына керемет мүмкіндік, – деді Жандос Қиянов.
– Атырау аймағында дзюдо күресі қарқынды дамып келеді. Оған дәлел ретінде күні кеше орал қаласында өткен ел біріншілігінде облыс құрамасының командалық есепте үшінші орынды иеленгенін айтуға болады. Бұндай жетістіктерімізге, әрине, ағайларымыздың еңбегі зор. Оның басында тұрған Асан Раушановты ерекше атауымыз керек, – дейді жақында Орал қаласында өткен ел чемпионатының жеңімпазы Амангелді Ермек.
Айта кетейік, жарысқа еліміздің әр аймағынан 300-ге жуық жас спортшы қатысуда.
Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ