Жарнама
Спорт

Атырауда жүгіруден марафон өтеді

Қыркүйектің 24-інде жүгіруден өтетін «Atyrau Marathon 2023» марафонына арналған баспасөз мәслихаты ұйымдастырылды. Жыл сайын дәстүрге айналған басты спорттық жарыс Атырауда 2017 жылдан бастап өткізіліп келеді. Қала күніне арналған биылғы шара несімен ерекше? Оған қатысу шарттары, басқа да мәселелер туралы жарысты ұйымдастырушылар айтып берді.

Баспасөз мәслихатында Атырау қаласы әкімінің орынбасары Нұржан Ермұханов биылғы марафонға қатысуға ниет білдіргендердің қатары көп екенін атап көрсетті.

– Биылдың өзінде көктем, жаз айларында бірнеше марафон ұйымдастырылды. Қала күні қарсаңында өтетін марафонға 1400-ден астам адам тіркелсе, оның ішінде Алматы, Шымкент, Астана секілді қалалардан тілек білдіргендер де бар. Басты мақсат – азаматтардың саламатты өмір салтын ұстанып, денсаулықтарын күтуді насихаттау. Сондай-ақ тұрғындардың спортқа құлшынысын арттырып, отбасылық спорттың мәдениетін қалыптастыру. Қалада спортпен шұғылдануға жағдай жасалып келеді. Бұл шара алдағы уақытта да жалғаса береді. Марафонға барлық атыраулықтарды қатысуға шақырамын. Қала күні қарсаңында басқа да бірнеше шаралар жоспарланған. Марафон – солардың алғашқысы, — деді Нұржан Мақсотұлы.

Жарыс ұйымдастырушыларының бірі Алтынай Демесінованың айтуынша, қалада өтетін марафон еліміздегі әуесқой спортшылардың көптен күтіп жүрген үлкен шарасы.

– Жүгіруге арналған көшелер – қаладағы жасыл желекпен, гүлмен көмкерілген ең әдемі көшелердің бірі. Облыс орталығына келген қонақтарға ерекше әсер қалдырады деп ойлаймын. Марафонға қатысушыларға естелік медальдар беріледі. Сондай-ақ қатысушылар су және тамақпен қамтамасыз етіледі. Жарысқа жергілікті әкімдіктің, «Арнаулы көлік базасы» мекемесі, облыстық полиция департаменті, облыстық халық шығармашылығы орталығы тарапынан қолдау көрсетіліп отыр. Өзге өңірлерден келетін қонақтарға біздің аймақтың мұнайлы өлке ғана емес, саламатты өмір салтын ұстанатын, спортқа жаны құмар жандардың да мекені екенін насихаттау – басты мұратымыз. Соңғы жылдары спортқа ден қойған азаматтардың қатары артқанын көріп отырмыз. Жарысқа 16 жасқа толған барлық азаматтар қатысады, — деді Алтынай Нұрсұлтанқызы.

Бүгінде Атырау қаласында 20-дан астам жүгіру клубы жұмыс істейді. Ұйымдастырушылар олардың саны күннен күнге артып келе жатқанын айтады.

Таңертең сағат 7-де басталатын марафонның жүгіру аумағы – Бейбарыс сұлтан алаңынан бастап «Нұрсая» шағынауданындағы Абай орталығына дейін. Жалпы жүлде қоры – 6 миллион теңге. Алты жыл бойы үздіксіз ұйымдастырылып келе жатқан сайыста марафоншылар 5, 10, 21.1 және 42 шақырым қашықтыққа жүгіреді. Оған тіркелу биылғы мамыр айынан басталған.

Алмас ҚАБДОЛОВ

Суреттерді түсірген автор

b1bd0d92 58bf 46b1 b01f f3ea689ba848

              

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button