Атырауда панкратионнан республикалық турнир өтті
Атырауда алғаш рет панкратионнан PFL жастар лигасы ұйымдастырылды, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Турнирде еліміздің батыс аймақтарынан келген 12 мен 22 жас аралығындағы 20 спортшы өзара күш сынасты. Іс-шараға арнайы келген облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев спортшыларды құттықтады.
– Мұндай спорттық сайыстардың жиі ұйымдастырылуы – жергілікті жастардың бос уақытын тиімді пайдаланып, салауатты өмір салтын ұстануына, оларды спортқа тартуға оң ықпалын тигізері анық. Атырау өңірінде мықты деген спортшылар аз емес. Бұл турнир спортшылардың рухын оятып, спорттық мансаптарының қалыптасуына жол ашады, — деді Ж.Бисембиев.
Турнирдің басты жекпе-жегінде атыраулық Бекназар Сағын жеңіске жетті.
Айта кетейік, спорттық сайыстың құрметті қонағы ретінде Қазақстан Республикасы Панкратион федерациясының президенті Сағындық Мекеев пен Атыраудың намысын қорғап жүрген аралас жекпе-жек шебері Дамир Исмагулов қатысты.