Атырауда алғаш рет пара хоккейден Қазақстан Республикасы құрама командасының ойыны өтті

350837421 941852610472158 2129635327974050311 n Спорт

Алдағы уақытта пара хоккейден Атыраудың кәсіби клубы құрылуы мүмкін, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Мұз үстіндегі көрме ойынға облыс әкімінің орынбасары Мұрат Мурзиев қатысты. Ол Елордадан арнайы келген пара хоккейшілерге алғыс айтып, алдағы ойындарына сәттілік тіледі.

-Атырау өңіріне үлкен мақсатпен келгендеріңіз үшін алғыс білдіреміз. Біздегі мүмкіндігі шектеулі азаматтардың хоккейге деген қызығушылығын арттырамыз деп келген ниеттеріңізге рахмет! Жалпы облыста пара спорттың түрлері жақсы дамып келеді. Біз оған ризамыз. Енді сіздердің сеп болуларыңызбен пара хоккейден де бір команда құрылып жатса, қолдау білдіреміз. Алдағы жұмыс-жоспарларыңыз бен ойындарыңызға тек сәттілік тілеймін, – деді М.Мурзиев.

Еске сала кетейік, 2021 жылы алғаш рет «Қазақстан пара хоккей федерациясы» Республикалық қоғамдық бірлестігі құрылып, 18 спортшы мен 2 жаттықтырушыдан тұратын жалғыз команда қалыптасты.

Еліміздегі пара хоккейден құрылған жалғыз команда үш жыл ішінде бірқатар байрақты додаларда бақ сынаған. Қазіргі уақытта әлемдік рейтинг бойынша 14-ші орында.

Бүгінде Атырау облысының шайбалы хоккей федерациясы өңірлік пара хоккей клубын құруға ниетті.

– Пара хоккей спортына Атыраудан қызығушылық танытып отырғандар байқалды. Сол себепті, облыстық шайбалы хоккей федерациясы Республикалық құрама командамен яғни «Қазақстан пара хоккей федерациясы» Республикалық қоғамдық бірлестігімен келісіп, көрме ойыны мен шеберлік сағаттарын ұйымдастыруды жөн көрді. Облыстық федерацияның пара хоккейге деген алғашқы қадамы бізді қуантады. Енді осы Атырау облысындағы мүмкіндігі шектеулі азаматтар тәжірибесінің бар-жоғына қарамастан «Бейбарыс» хоккей клубына хабарласып, арнайы жаттығуларға қатысса болады, – деді «Қазақстан пара хоккей федерациясының» вице-президенті Қайрат Сабыров.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз