Атырауда тұңғыш шахмат фестивалі өтуде

img 20220815 wa0056 Спорт

Атырауда бірінші халықаралық «Atyrau Chess Festival 2022» шахмат фестивалі өтуде. Фестивальді көрнекті қазақстандық спортшы, әлем чемпионаттарының жеңімпазы Динара Сәдуақасова негізін қалаған Шахмат академиясы ұйымдастырып отыр.

Жарысқа Қазақстаннан басқа АҚШ, Нидерланды, Литва, Украина, Тәжікстан, Өзбекстан, Беларусь және Ресей ойыншылары қатысады.

«Біздің фестивальдің мақсаты – Қазақстанда шахматтың спорт түрі ретінде жан-жақты дамуына үлес қосу.  Турнир түрлі елдер мен жас өкілдерінің басын қосатын елеулі оқиға болады деп үміттенеміз.  Шара аясында әрбір шахмат жанкүйері өзінің күшін «шайқас алаңында» тәжірибе жүзінде сынап көре алады. Фестивальдің барлық қатысушыларына тек сәттілік пен жеңіс тілеймін!», – деді әйелдер арасындағы классикалық шахматтан Азия чемпионатының жеңімпазы Динара Сәдуақасова.
Сондай-ақ, ол елімізде шахматты дамыту динамикасының бұдан да үлкен өсу алаңына айналуға мүмкіндігі бар екендігін айтады.
– Яғни, мамандандырылған спорттық іс-шаралар әлі де жеткіліксіз деп ойлаймын. Тиісті спорттық оқу орындары да сондай аз. Бүгінде балалар шахматты негізінен шахмат орталықтарында ғана үйренеді. Рас, бастауыш сыныптарға «шахмат» пәнін енгізу туралы ұсыныстар айтылды. Бірақ оқу бағдарламасының ауырлығына байланысты шахмат қосымша оқытылады, факультатив түрінде машықтанады, – деді ол баспасөз брифингінде өткен кездесуде.

Бағдарламада үш негізгі турнир жарияланды – «Atyrau Open», «Atyrau Juniors» және «Atyrau Blitz». Олардың әрқайсысының нәтижесі әйгілі швейцариялық жүйе бойынша бағаланады. Жалпы жүлде қоры 13 миллион теңгені құрайды.

Алмас ҚАБДОЛОВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз