Атырауда 277 мыңнан астам адам дене тәрбиесі және спортпен тұрақты түрде шұғылданады
Аталған көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 1,3%-ға өсті. 2025 жылға дейін облыста бұқаралық спортпен тұрақты түрде айналысушылар саны 50%-ға жетеді деп жоспарланды. Бұл туралы облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Дастанбек Қоспанов мәлім етті.
Басқарма басшысының айтуынша, облыста 9 кәсіби спорттық клуб жұмыс істейді. Олар – волейбол, баскетбол, футбол, шағын футбол, хоккей, бокс клубы, мүгедектер спорттық клубы, су спорты түрлері клубы, ұлттық спорт түрлері. Ұлттық спорт, баскетбол, волейбол, су спорты клубтары жекешелендірілген, хоккей мен футбол, бокс клубтары сенімгерлікпен басқаруға берілген. Сондай-ақ, басқармаға қарасты мүгедектер спорт клубы да қызмет көрсетеді.
Спорттық клубтарда жаттығушылар саны 4276-ны құрап, биыл 633-ке көбейді.
«Жыл басынан бері бұқаралық спортты дамыту мақсатында облыс көлемінде 800-ден аса спорттық іс-шара ұйымдастырылып, 150 000-нан астам облыс тұрғыны қатысты. Оның ішінде 560 іс-шара ауылдық жерде ұйымдастырылып, 110 000-нан астам ауылдық жер тұрғындары қамтылды. Жалпы облыс бойынша 1000 адамға шаққанда халықтың спорт инфрақұрылымымен орташа қамтамасыз ету деңгейі 38,2%-ды құрап отыр. Қолданыстағы жоспарлар мен бағдарламаларға сәйкес 2023-2027 жылдар аралығында 26 спорттық кешеннің құрылысын салу арқылы бұл көрсеткішті 40%-дан асыру жоспарланып отыр», — деді Дастанбек Қоспанов.
Сондай-ақ, ол биыл ұзақ жылдар бойы облыстағы өзекті мәселенің бірі – спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаты мен қаладағы Жаңаталап ауылындағы спорт кешенінің құрылыстарын салу жоспарланғанын айтты.
Айта кетейік, қазір өңірде 1 217 спорттық нысан бар. Биыл Исатай ауданының Тұщықұдық ауылында спорт кешені пайдалануға берілді. 8 спорт нысанының құрылысы жүргізіліп, 4 ғимарат қайта жаңғыртылып жатыр.
Нұргүл Насыр