
Атырауда 15 мыңға жуық бала олимпиадалық спорт түрімен шұғылданады
Облыстың жас спортшылары биылғы жартыжылдықта республикалық және халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Олар жыл басынан бері 9 алтын, 12 күміс және 23 қола медальді еншіледі. Бұл туралы облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы хабарлады.

Бұл табыстар – өңірде жүйелі түрде іске асып жатқан олимпиадалық резервті даярлау және балалар спортын дамыту бағдарламаларының нәтижесі. Қазір облыстағы балалар мен жасөспірімдерге арналған 31 спорт мектебінде 20 мыңнан астам бала спортпен тұрақты айналысады. Оның ішінде 15 мыңға жуығы – олимпиадалық спорт түрлеріне бейімделген жас спортшылар.
– Жас спортшыларымыздың жетістіктері – облыстағы спорт инфрақұрылымының дамуы мен жүйелі қолдаудың нәтижесі. Біз тек жарыс жеңімпаздарын емес, болашағы бар дарынды жастарды ерте кезден іріктеп, оларға толық жағдай жасап отырмыз. Олимпиадалық резерв жүйесін қалыптастыру арқылы аймақтан халықаралық деңгейдегі чемпиондар шығатынына сенеміз, — деді облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы басшысының м.а. Нұрбол Сыдықов.
Спикердің айтуынша, дарынды жастарды қолдау мақсатында облыс орталығында олимпиадалық резервке мамандандырылған мектеп-интернат-колледж жұмыс істейді. Мұнда 200-ден астам бала төрт спорт түрі бойынша кәсіби дайындықтан өтуде. Сонымен қатар олимпиадалық резерв даярлау орталығында тағы 232 спортшы 12 бағыт бойынша жаттығуда.
Бұдан бөлек жас спортшыларды қолдау шараларының бірі ретінде облыс әкімдігі тарапынан ай сайынғы қаржылай төлемдер қарастырылған. Қазір 120 спортшы мен 52 жаттықтырушы осындай қолдауға ие. Сондай-ақ жарыстарға қатысу шығындары мен спорттық киімдер де толықтай қамтылуда.