
Atyrau Marathon 2025: Еуропа мен Азия түйіскен жерде айтулы жарыс өтеді
5 қазанда Атырау қаласында еліміздегі ең беделді үш марафонның бірі – Atyrau Marathon атты жыл сайынғы бұқаралық спорттық жарыс өтеді.

Атырау марафоны жыл сайын кәсіби спортшыларды, әуесқой жүгірушілерді және туристерді жинап, қаланы елдің спорттық өмірінің орталығына айналдырады.
Марафонның басты ерекшелігі – Еуропа мен Азияны жалғап тұрған Жайық өзенінің үстіндегі көпір арқылы өтеді. Atyrau Marathon – қатысушылардың жарыс кезінде екі құрлықтың шекарасын кесіп өте алатын Қазақстандағы жалғыз марафон.
Бағдарламада дәстүрлі – 5, 10, 21 және 42 шақырым бар. Жарыс күні қатысушылар мен көрермендердің қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ету үшін кейбір көшелерде көлік қозғалысы шектеледі.
Atyrau Marathon-ның ұйымдастырушысы InfinityGroup атап өткендей, марафон – бұл тек спорттық жарыс қана емес, сонымен қатар өңірдің туристік тартымдылығын арттыратын визит картасы. Жыл сайын еліміздің түкпір-түкпірінен және көрші мемлекеттерден қатысушылар келіп, Атырау нағыз спорттық туризм мерекесінің орталығына айналады.
Кез келген спорттық шараның басты мақсаты – халықтың қатысуы және салауатты өмір салтын насихаттау. Ал ең мықтылар үшін – өз жас санатында жеңіске жету мүмкіндігі. Абсолюттік және жас ерекшелігі бойынша жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар беріледі, сондай-ақ демеушілер мен серіктестерден арнайы сыйлықтар дайындалған.
– Atyrau Marathon – бұл ұлттық деңгейдегі оқиға. Ол спортты, денсаулықты және туризмді біріктіреді. Жыл сайын Атырау бүкіл елдің және шетелден келген жүгірушілер қауымдастығының назарын өзіне аударады, — деді ұйымдастыру комитетінің жетекшісі Салтанат Сүлейменова.
Марафонның арқасында өңірде жүгіру мәдениеті дамып, түрлі жүгіру клубтары мен қауымдастықтар пайда болуда.
-Біз осы үдерістің көшбасшысы екенімізді мақтан тұтамыз. Сондай-ақ Атырау қаласы мен облыс әкімдігіне және басқа да мемлекеттік органдарға марафонды жан-жақты қолдағаны үшін алғысымызды білдіреміз, – деп атап өтті ол.
Жарыстан кейін Infinity EcoPark аумағында концерттік бағдарлама мен отбасылық ойын-сауықтар ұйымдастырылып, марафон тек қатысушылар үшін ғана емес, қала тұрғындары мен қонақтары үшін де үлкен мерекеге айналады.
Тіркелу atyraumarathon.kz сайтында ашық. Әркімнің Еуропа мен Азия түйіскен жерде өз шақырымын жүгіріп өтіп, Atyrau Marathon 2025 тарихының бір бөлігіне айналу мүмкіндігі бар.
Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ