
Атырау футзал командасы Рудный қаласында Қазақстан чемпионатында жеңіске жетті
Рудный қаласында өткен 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында футзалдан Қазақстан Республикасының чемпионатында атыраулық жастар жеңіс тұғырынан көрінді. “Атырау” футзал командасы ақтық сында “Астана” командасын 2:1 есебімен ұтып, Қазақстан чемпионатының жеңімпазы атанды.
Команданың бапкері Әнуар Теңдібай атап өткендей, бұл “Атырау” командасының үшінші рет ел чемпионатының финалында әдемі ойын өрнегін көрсетуі. Ол өз ойыншыларының табандылығы мен жоғары деңгейдегі дайындықтарын мақтап, жеңіске жету жолында олардың бір команда ретінде күш жұмсағанын атап өтті.
“Бұл біздің үшінші рет финалға шығуымыз, әрі үшінші рет жеңіс тұғырынан көрінуіміз. Ойыншыларымыз тек техникалық тұрғыда ғана емес, жан-жақты тұрғыда жақсы дайындалды. Команданың жеңісі – бұл тек бапкердің ғана емес, әрбір ойыншының қажырлы еңбегінің нәтижесі”,- деді бапкер Әнуар Теңдібай.
Атыраулықтар футзал командасының мүшелері мен жаттықтырушыларын теміржол вокзалында ыстық ықыласпен қарсы алды. Қала тұрғындары өздерінің сүйікті командасын қошеметтеп, зор құрмет көрсетті.
Бұл жеңіс Атырау қаласының спорттық тарихындағы тағы бір жарқын бет болып, өңірдің футзал саласында үлкен жетістіктерге жететінін тағы да бір мәрте дәлелдеді.
“Атырау” футзал командасының жеңісі – тек команда мүшелерінің ғана емес, бүкіл Атырау жұртшылығының ортақ жеңісі. Жастарымыздың жоғары деңгейде өнер көрсетуі, олардың спортқа деген адалдығы мен сүйіспеншілігі болашақта үлкен жетістіктерге жетуге жол ашады, — деді Атырау футбол федерациясының басшысы Эдуард Ғаббасұлы.
Рита ӨТЕУҒАЛИ