Әсеттің шәкірттері жарап тұр
Атырау қаласындағы Береке орта мектебінің ерекше балалардан құралған кіші аяқдоп командасы Астанада өткен «Жұлдызай-2024» ұлттық инклюзивті ойындарында I орынға ие болып, екі мәрте жеңімпаз атанды.
Бұл команда бұған дейін облыстық іріктеу сынында қарсыластарынан басым түсіп, республикаға жолдама алған болатын.
Спортшыларды мектептің дене шынықтыру пәні мұғалімі Әсет Қадырбаев жаттықтырады.
Оның шәкірттері жыл бойына өтетін әртүрлі деңгейдегі бұқаралық спорттық іс-шараларға белсенді қатысады. Спорттың әр түрінен аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі жарыстарға оқушыларының белсене қатысуына өзі де атсалысып келеді.
Әсет Октябрұлы орта мектептегі оқушылардың жеке қабілеттері мен ынтасын ескере отырып, олардың дене шынықтыруын қалыптастыруға зор ықпал етіп жүрген ұстаздардың бірі. Сондай-ақ, өзінің сүйікті саласы арқылы қоғамда жат мінез-құлықтың алдын алуды жүзеге асырып жүрген мықты маман ретінде мектеп ұжымы мен оқушылары арасында ыстық ықыласқа да ие педагог.
Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ