Аққыстауда көпфункционалды спорт алаңы халық игілігіне берілді
«Ембімұнайгаз» АҚ 100 жылдық мерейтойына орай ембілік мұнайшылар аудан тұрғындарына тарту ретінде шілде айында Аққыстау ауылынан көпфункционалды спорт алаңының құрылыс жұмыстарын бастаған болатын. Бүгін аталған спорт алаңының салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды Исатай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Іс-шараға аудан тұрғындары, мұнайшылар, сала ардагерлері, жас спортшылар қатысты.
-Биыл барлық ауылдық округтерде ойын алаңдары мен кіші аяқ доп алаңдары салынды. Бүгінгі нысанның ашылуы біздің балаларымыз үшін өте қуанышты жағдай. «Балалар жылында» аудан орталығынан осындай спорт нысанын салып берген «Ембімұнайгаз» АҚ басшылығына, ембілік мұнайшыларға алғысыды айтамын, деді аудан әкімі Полымбет Хасанов.
Өз кезегінде «Ембімұнайгаз» АҚ басқарма төрағасы Есен Қайыржан аталған нысанның игілігін көруді тілеп, ауыл тұрғындарын салауатты өмір салтын қалыптастыруға, бұқаралық спортпен айналысуға шақырды. Ал мұнай саласының ардагерлері Самат Қабделов пен Қожантай Сыдихов тұрғындар атынан ризашылығын жеткізді.
Көпфункционалды спорт алаңы шағын футбол, баскетбол, волейбол алаңдарымен және Workout, жүгіруге арналған жолақтармен, тұрғындардың демалуына арналған орынмен қамтылған. Алдағы уақытта жасыл желектер отырғызылып, спорт алаңының айналасы абаттандырылмақ.