
Екі Әлем чемпионатынан — қос күміс медаль
Облыстық полиция департаментінің қызметкері, полиция аға лейтенанты Аида Хайруллина биыл қатарынан екі ірі халықаралық жарыста ел намысын абыроймен қорғап, жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Ол қоян-қолтық ұрыс және аралас жекпе-жек спорт түрлерінен әлемдік деңгейде ел мерейін үстем етті.
Аталған департаменттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 19–23 наурыз күндері Түркияның Анталия қаласында өткен қоян-қолтық ұрыстан әлем чемпионатында Аида 72 келі салмақта күміс жүлдеге ие болса, ал 16–22 маусым аралығында Бразилияның Сан-Паулу қаласында ұйымдастырылған “Gamma World MMA Championship 2025” турнирінде де дәл осы салмақта финалға дейін жетіп, тағы бір күміс жүлдені еншіледі.
Бұл байрақты бәсекеге 78 елден 500-ден астам спортшы қатысып, үздік үшін бәсекелесті. Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте үздік үштікке енді. Жоғары нәтижеге қол жеткізген Аида Хайруллина бұл жеңісті жеке еңбектің ғана емес, ұжымдық қолдаудың жемісі екенін атап айтты:
– Бір жылдың ішінде екі әлем чемпионатына қатысып, ел абыройын қорғау – мен үшін үлкен жауапкершілік әрі мақтаныш. Бұл – әріптестерім мен отбасымның қолдауының, қажырлы еңбектің нәтижесі. Алдағы уақытта да ел сенімін ақтауға бар күшімді саламын, — деді А.Хайруллина.
Қызмет пен спортты қатар алып жүрген тәртіп сақшысы үшін бұл жеңіс – табандылықтың, еңбекқорлықтың және мақсатқа ұмтылыстың нақты көрінісі. Аида Хайруллинаның жетістігі – жас ұрпаққа үлгі, ал ел намысын қорғау жолындағы еңбегі – мақтаныш.
Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ