Айсезім – Еуразия кубогінің жеңімпазы
Айсезім Тоғызбай — «Eurasia 2023 JUNIOR CUP» халықаралық турнирінің жеңімпазы, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
10 жасар Жылыой ауданы Майкөмген ауылындағы спорт мектебінде жаттығады. Айсезім Тоғызбай — бірқатар республикалық және халықаралық турнирдің жеңімпазы, дзюдодан Атырау облысы мен Қазақстан құрамаларының намысын қорғап жүр.
-Айсезім жаттығатын Майкөмген ауылындағы спорт мектебі жергілікті мұнай компаниясы жүзеге асырған «Игілік» әлеуметтік бағдарламасы аясында бой көтерді. Мұнда балалар дзюдо, волейбол, футбол, тоғызқұмалақ секілді спорт түрлерінен жарыстарға дайындалады. 260-тан астам ауыл баласын 10 жаттықтырушы жаттықтырады. Бүгінгі таңда спортшылар облыстық, республикалық, халықаралық жарыстарда 300-ге жуық жүлделі орынды иеленді», — дейді Жылыой аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, спорт және дене шынықтыру бөлімінің басшысы Әлібек Науаров.
Айта кетейік, «Игілік» бағдарламасы аясында Майкөмген, Шоқпартоғай, Жаңа Қаратон, Ақкиізтоғай ауылдарында спорт мектептері бой көтерді.