
4 келі балық ұстап, жеңімпаз атанды
Атырауда балық аулаудан «Carp Fishing – 2025» спорттық жарыс өткізілді. Аталған турнир – өңірдегі балық аулау мәдениетін дамытуды, әуесқой балықшылар арасында достық байланыс орнату мақсатында ұйымдастырылды.

Жарысқа 19 команда, яғни 50-ден астам қатысушы қатысты. Олардың ішінде мемлекеттік мекеме өкілдері, кәсіпкерлер, жастар мен егде жастағы балық аулауға әуес азаматтар болды. Командалар балық аулаудың барлық ережелерін сақтай отырып, спорттық форматта жарысты. Бәсекеге толы жарыс қорытындысы бойынша I орынды «Нағашы-жиен» командасы (ұсталған балық салмағы – 4,560 кг) иеленсе, II орынға «Атырау әуесқой балықшылар Қауымдастығы» командасы (4,550 кг) лайық деп танылды. III орынды КРЕ (4,490 кг) және Caspian Fishermen командалары (2,880 кг) қанжығасына байлады. Сондай-ақ, «Ең жас қатысушы» болып Каспи Лаб командасы танылды. «Алғашқы ұсталған балық» номинациясын «Үш Ер» командасы жеңіп алды. «Балық аулауға деген жігері үшін» қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі командасы марапатталды. Ал 67 жастағы Газим Джамантаев «Ветеран балықшы» атанды. Жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар мен дипломдар табысталды. Шара соңында қатысушылар бір-бірімен пікір алмасып, алдағы жарыстарға бірлесе дайындық жасауға ниет білдірді. «Бұл жарыс тек бәсеке емес, достық пен ынтымақтастықтың белгісі болды. Табиғатты аялау, таза ауада демалу, адал жарысу – міне, осының бәрі бүгін орындалды», — дейді шара ұйымдастырушыларының бірі, Атырау облыстық спорттық балық аулау федерациясының президенті Асылбек Жұмағалиев.
Айбөпе САБЫРОВА