Жас шахматшылар бас қосты
Биыл Қазақстан шахмат федерациясы ересектер арасындағы Қазақстан кубогымен қатар Балалар арасындағы Қазақстан кубогын өткізіп жатыр. Оған көрші елдерден де ойыншылар қатысуда. Халықаралық жарыс мәртебесіне ие жарыс 6 кезеңнен тұрады, әрқайсысының жүлде қоры 3 млн теңге құрайды. Кубок финалы 28 қараша мен 6 желтоқсан аралығында Алматыда өтеді деп жоспарланған.
Бүгінге дейінгі 3 кезеңі – наурыз айында Таразда, мамырда Қызылордада, маусымда Қостанайда өтті.
Осы аптада Атырауда балалар кубогының 4-кезеңі басталды. Алдыңғы кезеңдегідей «90+30» классикалық уақыт бақылауымен 9 раундтан тұратын швейцариялық жүйе бойынша екі жеке турнир өтеді. А турнирінде 14 жасқа дейінгі 82 қатысушы, ал В турнирінде 10 жасқа дейінгі 118 ұл мен қыз бақ сынасады. Бұл кезеңде қатысушылар арасында Қырғызстан мен ФИДЕ (Ресей) шахматшылары да бар.
Екі турнирдің қорытындысы бойынша ұлдар мен қыздар арасындағы үздіктер марапатталады. Сондай-ақ командалық жарыс келесі кезекпен өтеді. Бір облыстан 4 үздік қатысушы, оның ішінде А және В турнирлерінен бір ұл және бір қыз қатысады.
– Қатысушылар жинаған ұпайлар Қазақстан Республикасының 9 бен 16 жас аралығындағы үздік шахматшыларына арналған «Жас таланттарды қолдау» бағдарламасына түсуге септігін тигізеді. Бағдарламаға ай сайынғы төлемдерден басқа, ваучерлік жүйе түрі бойынша жаттықтырушылардың сабақтары, оқу-жаттығу жиындары, халықаралық және республикалық турнирлерге қатысу, психологиялық көмек және дене шынықтыру, шахмат әдебиеті кіреді, — деді ҚШФ облыстық филиалының атқарушы директоры Назгүл Мырзағалиева
Балалар арасындағы кубогы кезеңінен бөлек, Атырауда Қазақстан шахмат федерациясының ұйымдастыруымен жаттықтырушыларға арналған семинарлар мен ұлттық төреші атануға арналған тренингтер өтеді.
Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ,
суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ