ЖҮЙЕЛІ ІСТЕРМЕН ЖАҢАРҒАН ҚАЛА
«Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасында экономиканы әртараптандыру және бәсекеге қабілеттілігінің өсуін қамтамасыз ететін, оның шикізат емес секторларын жедел дамыту көзделген болатын. Осыған орай жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 2013 жылы ағымдағы нысаналы трансферттердің жалпы сомасы 976,8 млн. теңгені құрады, оның ішінде: субсидиялауға — 429,6 млн. теңге, кепілдендіру бойынша — 58 млн. теңге, сервистік қолдау бойынша — 30 млн. теңге, грант ұсыну бойынша — 10 млн. теңге, индустриялық инфрақұрылымды дамыту бойынша 449,2 млн. теңге бөлінді.
Бірінші бағыт: Субсидиялау.
2013 жыл басынан Өңірлік үйлестіру кеңесімен несиенің пайыздық ставкасын субсидиялауға сомасы 8 698,3 млн. теңгенің 29 жобасы мақұлданды. Оның ішінде Атырау қаласы бойынша 28 жоба болды.
Екінші бағыт: Өндірістік (индустриалдық) инфрақұрылымды дамыту.
Атырау қаласы бойынша сомасы 58,4 млн. теңге болатын екі кәсіпкердің өтінімі мақұлданды.
Үшінші бағыт: Ісін жаңа бастаған кәсіпкерлік субъектілеріне мемлекеттік гранттар ұсыну.
Бұл бағыт бойынша «Изимова» ЖК-нің «Мамандандырылған диотологиялық орталығын ұйымдастыру» жобасы мақұлданды.
Төртінші бағыт: Кәсіпкерлік әлеуетті күшейту.
Бұл салаға байланысты қаржылық агенттік қызметін атқарушы «Даму» қорымен бірлесе кешенді жұмыстар атқарылды, соның ішінде тоқсан сайын кәсіпкерлік қызметін жүзеге асыру және кәсіпкерлікке ынтасы бар жеке, заңды тұлғалар үшін алты семинар-тренинг, жеті «дөңгелек үстел» өткізілді. «Нұр Отан» партиясы Атырау қалалық филиалымен бірлесіп «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасын жүзеге асыру мәселелері бойынша «Азаматтарды бірыңғай қабылдау күні» республикалық акциясы өткізілді.
Сауда
2013 жылы бөлшек сауда көлемі 116,7 млрд. теңгені құрады, бұл 2012 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,8% артты. Жыл бойы сенбі, жексенбі күндері «Мұнайшы» спорт кешені мен Балықшыдағы «Аққу» дүкені алдында 157 қалалық жәрмеңке ұйымдастырылды.
Қалада өткен жәрмеңкелерге Кеден одағы аясында, Ресей Федерациясының Астрахан және Саратов қалаларының ірі көтерме тасымалдаушылары және бал өнімдерін өндіретін шаруашылық субъектілері де қатысты.
Ауыл шаруашылығы
2013 жылы қала бойынша 2439 тонна ет, 4092,6 тонна сиыр сүті, 199,3 мың дана жұмыртқа өндірілді. Бұл 2012 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда ет өндіру 1,3%-ға, сиыр сүті және жұмыртқа өндіру 0,3%-ға өсті деген сөз. Барлық категориядағы шаруашылықтардың егіс көлемі 1 534 гектарды құрады. Бұл 2012 жылмен салыстырғанда 4% жоғары. 2013 жылы 4 047 (103,8%) тонна картоп, 29 900 (100,3%) тонна көкөніс және 6 100 (107,4%) тонна бақша дақылдары жиналды. Бұл көрсеткіштер 2012 жылмен салыстырғанда орташа өсімі 103,8% құрайды. 2013 жылы мал азықтық дақылдармен қамтамасыз ету мақсатында егілген мал азықтық көлемі 124,3 га құрап, 245 тонна өнім жиналды. Жаңа технологияны пайдалана отырып, тамшылатып суару арқылы 250 га жерге көкөніс-бақша дақылдары егілді, сөйтіп, егіс көлемі 2012 жылмен салыстырғанда 78,6% өсті. 2013 жылы жылыжайлардан 600 тонна көкөніс өнімі өндірілді, бұл 2012 жылмен салыстырғанда 146,3% артық орындалды (410 тонна).
Балық аулау маусымында осы саладағы кәсіпорындармен Каспий теңізінен 6,6 мың тонна, Жайық өзенінен 3,9 мың тонна балық (қара балық) ауланды. Ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау бағытында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерге субсидиялар берілді, оның ішінде:
— егін шаруашылығына өсімдік шығымдылығын арттыру үшін 87 шаруа қожалығына — 36,7 млн. теңге;
— мал шаруашылығындағы 9 шаруа қожалығына — 16,8 млн. теңге. Жалпы, ауыл шаруашылығын қолдауға қаржы институттарымен бірлескен жұмыс нәтижесінде 76 адамға 135,4 млн. теңге көлемінде қаражат берілді. Қала бойынша 4741 бас мүйізді ірі қара, 3583 бас қой-ешкі, 250 бас түйе, 250 бас шошқа бірдейлендіріліп, компьютер базасына енгізілді.
Инвестиция
2013 жылы негізгі капиталға инвестиция тарту көлемі 580,7 млрд. теңгені құрады. Сөйтіп, облыс көлемінде қаланың үлесі 56% құрады. Қала бойынша инвестициялардың басым көздері шетелдік шаруашылық субъектілерінің қаражаттары 68,5% (397,6 млрд. теңге) болды. Құрылыс жұмыстарының көлемі 180,2 млрд. теңгені қамтыды. Бұл жалпы облыс көлемінде қаланың үлесі 71% құрады деген сөз.
«Үдемелі индустриалды-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Атырау қаласында 17 жоба жүзеге асырылды, оның ішінде 2013 жылы іске қосылғаны екі жоба болды.
Олар — «Шеврон МұнайГазИнк» корпорациясының жоба құны 6 млрд. теңге болатын құбыр жүргізуші арматура шығаратын зауыты. Мұнда 75 жұмыс орны ашылды.
— «ЖігерМұнайСервис» ЖШС-нің өндірісті жаңғырту (Сервистік қызмет көрсету, телеметрикалық жүйелерді қолданумен көлбеу бұрғылауды жөндеу және техникалық сүйемелдеу). Жоба құны 900 млн. теңге құрады, онда 14 жаңа жұмыс орны ашылды. Сонымен қатар, бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру мақсатында қала әкімдігі жанынан инновациялық жобаларды қарастыру жөніндегі Кеңес құрылды. 2013 жылы кеңес отырысында барлығы 26 жоба қаралып, оның 17-сі мақұлданды, 11 кәсіпкерге жер телімі бөлінді.
Тұрғын үй құрылысы
Есепті мерзім ішінде тұрғын үй құрылысына 21,7 млрд. теңге инвестиция, оның ішінде халық қаражаты есебінен 12,4 млрд. теңге жұмсалды немесе ол 57% құрады. Қала бойынша 2013 жылы жалпы ауданы 350,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Оның ішінде халық қаражаты есебінен берілгені 223,1 мың шаршы метрді құрады. Бюджет есебінен жалпы ауданы 87 882,08 шаршы метр 1 444 пәтерлік барлығы 31 тұрғын үй құрылысы аяқталды, оның ішінде:
— республикалық бюджет есебінен:
Несиелік 1 тұрғын үй, 60 пәтер, 4 230,6 ш.м., жас отбасыларға 5 тұрғын үй, 234 пәтер, 13 950,46 ш.м., кезекте тұрғандарға 14 тұрғын үй, 636 пәтер, 38 208,12 ш.м.
— жергілікті бюджет есебінен:
11 тұрғын үй, 514 пәтер, 31 492,9 ш.м.
Инфрақұрылым
Қаладағы Вокзал маңы ықшамауданы мен Алмагүл мөлтекаудандары аралығындағы кәріз желілеріндегі апатты жағдайлардың алдын алу және кәріз желілерінің қалыпты жұмыс жасауын қамтамасыз ету мақсатында жергілікті бюджет есебінен 51,7 млн. теңгеге «Привокзальный» КНС-нан «Алмагүл» КНС-на дейінгі аралыққа, ұзындығы 1 450 метрді құрайтын кәріз желісі жүргізілді. Жергілікті бюджеттен бөлінген 10,4 млн. теңгеге Ерік-Мостовой каналы бойынан аумағы 707 778,25 шаршы метр құрайтын қатты тұрмыстық қалдықтар шығарылды.
Қала бойынша Жұлдыз-2, Тасқала-2, Тасқала-3 мөлтекаудандарының су құбырларын жүргізу және Геолог, Ақжар, Бірлік селоларында су желілеріне қайта жаңарту жұмыстары басталып, бүгінгі таңда Тасқала-2 елді мекенінде сумен қамту бойынша құрылыс жұмыстары аяқталды, ал қалған бес елді мекенде жұмыстар жалғасуда.
Электр энергиясымен жабдықтау
2013 жылы 10 елді мекеннің, оның ішінде Жұмыскер-1, Бірлік, Атырау, Дамбы, Еркінқала, Жұлдыз-3, Сарықамыс-2, Өркен-2, Водников-2, Томарлы-2 мөлтекаудандарын электрмен жабдықтау құрылыс жұмыстары аяқталды. Жыл бойы қаладағы 178 көше мен алаңдардың ұзындығы 205,5 шақырымды құрайтын жарықтандыру желілеріне ВЛ-0,4 кВ техникалық қызмет көрсетілді.
Газбен қамту
Қаланың 11 елді мекенінде, яғни Бірлік, Ақжар, Дамбы, Өркен-2, Сарықамыс-2, Водников-2, Жұлдыз-3, Томарлы-2, Талғайраң, Тасқала-2, Тасқала-3 газбен жабдықтау құрылыс жұмыстары аяқталды. Қалған елді мекен — Еркінқала, Жұлдыз-2, Ақсай, Жаңаталапта Атырау газ желісінің құрылыс жұмыстары жалғасып жүргізілуде.
Санитарлық тазалық және Көгалдандыру
2013 жылы қала бойынша санитарлық тазалықтың екі айлығы шеңберінде жалпықалалық сенбіліктер үзбей ұйымдастырылды. Көктем айларындағы ұйымдастырылған сенбіліктерде қала мен қала аумағына қарасты елді мекендерден 2 870 текше метр, ал, күз айларында 1 750 текше метр қоқыстар шығарылды. Қала бойынша 1 571 мекеме мен 60-қа жуық техника жұмылдырылды. Сонымен қатар, жергілікті бюджет есебінен 450 млн. теңгеге қала көшелері мен елді мекендерінің санитарлық тазалық жұмыстары бойынша 624 мың текше метр қоқыс шығарылып, көшелер тазартылды. 2013 жылы 744 көпқабатты тұрғын үйдің жертөлелері мен қала көшелеріне дезинфекциялық жұмыстар жүргізілді. Қ.Сәтбаев, Владимирский, Құрманғазы, Азаттық, Б.Құлманов көшелері мен Алмагүл ықшамауданына 500 дана арнайы қоқыс жәшіктері орнатылды. «Арнаулы автобаза» мекемесінің жұмысын жетілдіру үшін қосымша арнайы бес техника сатып алынды. Қаланы көгалдандыру жұмыстарына байланысты жоспарға сәйкес 12 мың дана жас тал отырғызылды. Жергілікті бюджеттен бөлінген 100 млн. теңгеге Қ.Сәтбаев даңғылының 7,8 мың шаршы метр аумағына төсемтастар төселді.
Атырау қаласының сәулетін жақсарту мақсатында Исатай-Махамбет алаңына, Д.Нұрпейісова атындағы алаңға, Владимирский-Құрманғазы, Берғалиев-Амандосов, Сәтбаев-Құрманғазы көшелерінің қиылысындағы айналым жолдары бойына, Сәтбаев көшесіне кіші сәулетті формалар және облыстық ғимараты, дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Тұрғындар қалашығындағы, «Атырау» санаторийі маңындағы Жайық өзені жағалауына 4 дана ротондылар орнатылды.
Сондай-ақ, Қ.Сәтбаев, Д.Нұрпейісова, Исатай-Махамбет, Қ.Смағұлов, Құрманғазы алаңдарына, Жеңіс саябағына және Драмалық театр маңына жалпы алғанда 300 дана отырғыштар орнатылды. 30 дана спорттық-тренажерлық алаңдар жасақталды.
«Өңірлерді дамыту» бағдарламасы шеңберінде селолық, ауылдық округтерде 18 балалар ойын алаңдары жасалды.
Жол құрылысы
2013 жылы жергілікті бюджет есебінен «Атырау-Индер» автокөлік жолының 6,2 шақырым бөлігі жасалды. «Атырау-Индер» автокөлік жолы бойына 129 дана жол белгілері орнатылды. Жалпы ұзындығы 15,9 шақырымды құрайтын Тасқала селосының жеті көшесіне, Тасқала-2 селосының алты көшесіне, Өркен ықшамауданының 13 көшесіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді және аталған көшелерге 58 дана жол белгілері орнатылды.
2013 жылы жалпы ұзындығы 5,4 шақырымды құрайтын Мирный елді мекенінің үш көшесіне, Новокирпичный елді мекенінің үш көшесіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді және аталған көшелерге тоғыз дана жол белгілері орнатылды. Қ.Сәтбаев, Азаттық, Махамбет көшелерін орташа жөндеуден өткізу жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттары жасақталып, Қ.Сәтбаев көшесіне жалпы ұзындығы 5 773 метрді құрайтын гранитті жиектастар төселді. Қала және қала аумағына қарасты елді мекендердегі автокөлік жолы бойындағы жалпы аумағы 5 203 шаршы метрді құрайтын шұңқырларға ағымдық жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Атырау облыстық Жол полициясы басқармасының ұсыныстары бойынша қала көшелеріне 1900 дана жол белгісі орнатылды. Оған қоса жалпы ұзындығы 1200 метр жасанды жол кедергілерін орнату жұмыстары аяқталуда. Қала бойынша жалпы ауданы 60 мың шаршы метр, оның ішінде 5 мың шаршы метр жаяу жүргіншілер жолына салқын пластикпен жол таңбаларын сызу жұмыстары атқарылды.
Жер және
қала құрылысы
2002-2013 жылдар аралығында жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімін сұраған 58 мыңнан аса азаматтың арызы тіркелсе, оның 40 мыңға жуығы қала әкімдігіне түсті. Қазіргі уақытта жеке тұрғын үй құрылысы үшін 2002-2004 жылдар аралығында кезекте тұрған азаматтарға жаңадан Атырау селолық округі аумағындағы Зарослый маңынан және Қайыршақты селолық округіне қарасты Талғайраң селосы маңынан 2 мыңға жуық жер учаскелерін беру жоспарлануда.
Қала бойынша қабылданған нысандар саны 301-ге жетті. Соның ішінде 252 қоғамдық мақсаттағы нысандар (дүкен, шаштараз, кеңсе, дәріхана және т.б.) пайдалануға берілді. 2013 жылы Атырау қаласында салынуы қарастырылған жаңа нысандар жобаларының сәулеттік талаптарға сәйкестігін қарау үшін қала әкімдігінде қала құрылысы Кеңесінің жеті отырысы өтті. Әртүрлі мақсаттағы жобаланған 34 әлеуметтік-тұрмыстық ірі-кіші объектілердің бастапқы жобалары қаралып, тек 21 объектіге жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, шешім қабылданды. Қазіргі таңда облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасы арқылы қаланың Бас жоспарына қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.
2013 жылы анықталған 832 игерілмеген жер учаскесінің ішінен 649 жер учаскесі қайта тексерілді, қала жер қорына 47 775 гектар ауылшаруашылық құрылымдарының жерлері қайтарылды. Сонымен қатар, өз еркімен пайдалану құқығынан бас тарту негізінде 10 шаруа қожалығы 446 гектар көлеміндегі жер учаскесін қалалық жер қорына қайтарды.
Жұмыспен және әлеуметтік қамту
2013 жылы жұмыспен қамту бөліміне 7 133 адам өтініш білдірген. Оның 2 864-і тұрақты жұмысқа, 808-і уақытша қоғамдық жұмысқа орналастырылды, 937 адам кәсіби мамандыққа даярлау және қайта оқыту курстарына жіберілді, 2 500 адам «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасы бойынша жұмыстың белсенді түрлерімен қамтылды.
Қалада 10 бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өткізіліп, 316 адам жұмысқа орналастырылды. Кәсіби оқуға — 109, ақылы қоғамдық жұмысқа – 42, әлеуметтік жұмыс орнына — 2, жастар тәжірибесіне 188 адам тартылды, 31 адам несие алуға ниет білдірді. Қала бойынша 162 аз қамтылған отбасына (782 адам) 19,8 млн. теңгенің атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) қаражаты төленді. Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақы 822 отбасының 2 232 баласына 22,5 млн. теңге көлемінде тағайындалды. 301 аз қамтылған отбасына 6,9 млн. теңге көлемінде тұрғын үй жәрдемақысы тағайындалды. Мүгедек балаларын үйде тәрбиелейтін және оқытатын отбасыларына материалдық көмек ретінде 287 отбасына 9,8 млн. теңге берілді. 2013 жылы мүгедектерді міндетті гигиеналық құралдармен, ымдау тілі мамандарымен және жеке көмекшілермен қамтамасыз ету мақсатында 105 мүгедекке ымдау тілі мамандары бөлінді, 181 мүгедек жеке көмекші қызметін пайдаланды. Оларға жергілікті бюджет қаражатынан 47,6 млн. теңге жұмсалды. Сонымен қатар, міндетті гигиеналық құралдармен 559 мүгедек қамтылды.
«Мүгедектерді жеке оңалту» бағдарламасына сәйкес, қажетті жүріп-тұру тифло-сурдотехникалық құралдарына және санаторий-курорттық шипажайға 1377 мүгедектің өтініштері қанағаттандырылып, бұл мақсатқа жұмсалған қаражат мөлшері 67,3 млн. теңгеге жетті. Материалдық көмек сұрап арызданған азаматтардың тұрмыс жағдайларына зерделеу жүргізу қорытындысы негізінде 1 562 аса мұқтаж отбасына жергілікті бюджет қаражаты есебінен біржолғы материалдық көмек ретінде 43,9 млн. теңге жұмсалды. 33 студентке 6,6 млн. теңгенің әлеуметтік көмегі (оқу гранты) төленді.
«Жұмыспен қамту — 2020 жол картасы» бағдарламасы шеңберінде 2013 жылы 635 адам әлеуметтік жұмыс орнына, 861 жас маман жастар тәжірибесіне тартылды. Кәсіби қайта даярлау және біліктілігін арттыруға 353 адам мүмкіншілік алды. Бағдарламаға қатысушылардың 358-і 672 млн. теңге көлемінде шағын несие алып, өз істерін бастап, жаңа жұмыс орындарын ашып отыр.
Денсаулық сақтау
Қала бойынша туу деңгейінің өсуі байқалады. 2013 жылы туған сәби саны 7 769 болса, бұл 2012 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 7,4% артық. Ал, өмірден өткендер саны 1 713 адам болып, 2012 жылдың есептік кезеңімен салыстырғанда 2,2%-ға төмендегені байқалады. Қалалық жедел жәрдем қызметін жеделдету үшін қосымша жеті автокөлік алынды, қазіргі таңда 18 жедел жәрдем бригадалары қызмет көрсетуде. 16 млн. теңгеге «Автоматтандырылған диспетчерлік-ақпараттық қызмет» орнатылып, жұмыс жасауда.
«Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасы шеңберінде Еркінқала селосында жанұялық-дәрігерлік амбулаторияның құрылысы аяқталуда, Жаңаталап селосында фельдшерлік-акушерлік пунктінің құрылысы жалғасуда.
Білім беру
Қалада 57 жалпы білім беретін мектепте 48 797 оқушы білім алады. Оның ішінде 36 мектептің жанынан жаратылыстану-математикалық, қоғамдық-гуманитарлық бағыттарда ашылған гимназиялық сыныптарда оқушы саны 9 361-ге жетті. 2013 жылы Геолог селолық округінде 624 орындық №36 орта мектеп пайдалануға берілді. Қаладағы 17 мектеп асханасына, 6 мектеп дәретханаларына күрделі жөндеу жүргізілді. Тоғыз мектепке жылу қазандықтары орнатылды. 32 мектепке өртке қарсы дабылқаққыштар орнату жұмыстары жалғасуда, бүгінгі таңда бес мектепке орнатылды. Он мектепке химия кабинеттер кешені және «Е-learning» электрондық оқыту жүйесімен оқытуға 240 интерактивті тақта орнатылды. Қала мектептері 100% интернет желісіне қосылған, 66,4%-ы кеңжолақты интернетті пайдаланып отыр.
Мектептерді ыстық тамақпен қамту толықтай жолға қойылды. Қаланың барлық мектептерінде 1-4 сыныптың 21 мыңнан астам оқушысы және 1 мыңнан астам аз қамтылған отбасы балалары үздіксіз ыстық тамақпен қамтылуда. Республика бойынша ҰБТ қорытындысында ең жоғары балды иеленген жеті оқушының үшеуі қала мектептерінің түлектері болды. 2013 жылы жалпы жазғы каникул кезеңінде балалар мен жасөспірімдердің демалысын ұйымдастыру 74,8 пайызды құрады. Бұл 2012 жылмен салыстырғанда 2,6 пайызға өсіп отыр.
Мектепке дейінгі білім беретін 47 мекеменің 11-і жекеменшік, 1-уі ведомостволық, 35-сі мемлекеттік мекеме. Оларда 13 034 бала тәрбиеленеді. 83 шағын тәрбие орталығында 1 609 бала, 190 мектепалды даярлық тобында 4 311 бала білім алуда. Қала бойынша 1-6 жас аралығындағы балаларды балабақшамен қамту 53,4% құрайды. 2013 жылы «Еркем-ай» (№25) балабақшасы пайдалануға берілді, сондай-ақ желтоқсан айында Алмагүл мөлтекауданында жаңа балабақша іске қосылды. Жұмыскер, Көкарна, Бірлік селоларында және «Нұрсая» мөлтекауданында 280 орындық төрт балабақшаның құрылысы жүргізілуде.
Құқық қорғау
2013 жылы қаладағы барлық қызмет желісі бойынша жалпы 5 805 қылмыс тiркелді, бұл 2012 жылғы деңгейден 18,1%-ға жоғары (4 914). Бірақ, оның ішінде ауыр қылмыс саны 677 болды (2012 жылы – 729), бұл 2012 жылдың деңгейінен 7,1%-ға төмен. 259 көппәтерлі үйлердің 996 подъезіне домофонмен жабдықталған есіктер қондырылды. 355 пәтер және 9 мыңнан астам шаруашылық субъектісі орталықтандырылған күзет жүйесіне қосылды. «Қауіпсіз қала» бағдарламасының бірінші кезеңі бойынша қала аумағында 200 бейнекамера орнатылды. №1 ҚПБ Балықшы және №2 ҚПБ Алмагүл ықшамаудандарында орналасқан шағын жедел басқару орталықтары қолданысқа берілді. Екінші кезеңде 191 бейнебақылау камерасын алуға және қондыруға жергілікті бюджеттен 413 млн. теңге бөлініп, қазіргі уақытта орнатылып, «Қазақтелеком» АҚ-мен өңдеу жұмыстары жүргізілуде.
Қазіргі уақытта әкімдік пен «Теңізшевройл» ЖШС арасында жүргізілген келісім негізінде қосымша 15 бейнекамера қондыру жұмыстары жүргізілуде. 2013 жылы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қалалық ішкі істер басқармасы жаңа 61 автокөлікпен қамтылды. Әкімшілік, полиция қызметкерлерінің күштерімен жыл басынан бері 21 537 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, тиісті адамдар жауапкершілікке тартылды. Жалпы 42,6 млн.теңге көлемінде айыппұл салынып, 21,1 млн. теңге өндірілді. 2014 жылы қала бойынша қосымша 141 сыртқы бейнебақылау камераларын қондыру жоспарлануда.
Өткен жылы қала бойынша мәдениет саласында да қалың көпшілікті қамтыған бірнеше іс-шаралар жүзеге асырылды. Атап айтқанда, қалада және елді мекендерде барлығы 1090 мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды.
Сонымен қатар, 20 млн. теңге көлемінде Құрманғазы және селолық мәдениет үйлерінің сахналық киімдері жаңартылды.
2013 жылы қалада түрлі деңгейдегі 90 спорттық іс-шаралар ұйымдастырылып, спорттық бұқаралық жарыстар өткізілді. Қала орталығынан №3 және Геолог ауылында №4 балалар-жасөспірімдер спорт мектептері ашылды. Сонымен қатар, қала аумағында 12 кешенді спорттық тренажерлар орнатылды. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 74 мыңға жуық адам жүйелі түрде спортпен айналысады. Бұл көрсеткіш 2012 жылмен салыстырғанда 10% өскен. 2013 жылы желтоқсан айында Түркия елінің Анталия қаласында өткен кикбоксингтен Әлем чемпионатында Абзал Жеткіншекұлы Дюсупов Әлем чемпионы атағын иеленді.