«Темір сауытты жауынгер» ерлікті дәріптейтін құнды тарихи жәдігер
Қызылқоға ауданының аумағындағы Миялы қорғандарынан табылған «Темір сауытты жауынгер» кешегі жаугершілік заманнан сыр шертетін, өткенімізді ортамызға оралтатын құнды тарихи жәдігер екені даусыз.
Бұл облыстық тарихи-өлкетану музейі мен археолог ғалымдар бірлесіп жүргізген қазба жұмыстарының жемісі, бірлескен істің нәтижесі. Қазіргі уақытта темір сауыт киген жауынгердің мүрдесін, құрал-саймандары мен қолданған заттарын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. «Қырым аралдары» республикалық реставрациялық зерттеу орталығының жетекшісі, мәдениет қайраткері, белгілі реставратор Қырым Алтынбековтың айтуынша, мұндай құнды дүниелердің сол күйінде сақталып, осы күнге дейін жетуі сирек кездесетін құбылыс. Бұрын мұндай жәдігерлер көбінде сынып, мүжілген, жартылай тоналған күйінде қалатын. Әрине, топырақ қабатымен қоса есептегенде, аумағы ұзынынан 2,5, ал енінен 1,5 метрді алып жатқан «қазынаны» қазылған жерінен шығарып алу, одан сол қалпын бұзбастан облыстық тарихи-өлкетану музейінің алаңына жеткізу оңайға түспепті. Ол үшін арнаулы техникаларды пайдалануға, әрлі-берлі төңкеруге тура келген. Фототүсірілімін жасау үшін соңғы кездері реставрациялау саласында қолданылып жүрген рентгенге түсіру тәсілі пайдаланылыпты. Осы мақсатта Алматыдан арнайы мамандар шақыртылған. Бір қызығы, археологиялық қазба, іздестіру жұмыстарының барысында сақ жауынгерінің үстіне киген темір сауытынан бөлек, бес қаруы да табылған. Оның ішінде ұзындығы метрге жуықтайтын алмас қылыш, кездік, ағаштан, былғарыдан жасалған бұйымдар, өзге де көптеген заттар шыққан. Жүздеген жылдар топырақтың ылғалымен өзінің қалпын сақтаған бұл бұйымдардың жер бетіне шығарылғанда тез бұзылып кететіні ескеріліп, химиялық өңдеуден өткізілген. Бұл жұмысқа антрополог, сондай-ақ топырақ қабатын зерттеуші ғалыммамандар араласып, жауынгердің сауыты мен сайманына, қолданған құралдарына қарап, қай кезеңде өмір сүргенін анықтау амалдарына кіріскен. «Бұл жұмыстар аяқталғасын ескерткішті қайталап рентгеннен өткіземіз. Сонда т а ғ ы д а б і з г е беймәлім біраз жайттарға қанығамыз деген үміттеміз» деп қорытты ойын Қырым Алтынбеков. Осындай баға жетпес рухани құндылықтарымызды дәріптеуде, көне қорғандардан табылған жәдігерлерді жарыққа шығарып, олар жайындағы тың деректерді жұртшылыққа жеткізуде Қазақ елімен мәдени байланыстағы Мажарстан Республикасы ғалымдарының еңбегі зор. Осы ретте «Темір сауытты жауынгердің» ғасырлар қойнауына бүккен құпияларын ашып, археологтардың олжасын көптің ортақ қазынасына айналдыруға үлес қосып, атсалысып жүрген ұйымдардың бірі – халықаралық «Мажар – Тұран» қоры болып табылады. Аталған қордың президенті, бұл саладағы танымал ғалым Жолт Бюро Андраш көп сырдың бетін ашты. – Атырауға жауынгердің бас сүйегінің сұлбасын жасап әкелдік. Зерттеу жұмыстары біздің елдің жаратылыстану ғылымдары институтының зертханасында жүргізілген болатын. Таныстыру мақсатында жұртшылықтың назарына ұсынылып отырған мына макет түпнұсқа бойынша жасалған. Зер салып қарайтын болсақ, ол өзінің табиғи қалпына ұқсайды. Солай болуы заңдылық та. Өйткені, әзірге қолжетімді болмағандықтан тек осылай істеуге тура келеді, — дейді ол. Осыған дейін бауырлас елдің ғалым-мамандары жәдігерге анатомиялық талдау жүргізіп, құрылымдық ерекшелігіне назар аударыпты. Компьютерлік томография аппаратының көмегімен оның көшірмесін 3D форматына көшірген. Нәтижесінде, батырдың бетпішінінің түпнұсқаға 97-98 пайыз ұқсастығына көз жеткен. Тіпті, заманауи технологиялардың көмегімен оның жынысын, қандай тайпаға жататынын, қай халықтың түріне сәйкес келетінін, қай дәуірде және қанша жыл өмір сүргенін анықтауға болады. Ең бір маңыздысы да құндысы – темір сауыт киген жауынгердің негізінен Каспий мен Арал теңізі аралығындағы аймақтарда өмір сүргені, жасының 50 мен 60-тың арасындағы адамға сәйкес келетіні, жақ сүйегі мен өзге де дене мүшелеріне қарап көне түрік қағанаты билік құрған заманда жаугершілікте жүргендігін болжамдауға мүмкіндік беретін деректерге қол жеткізілуі. Оған қоса, жауынгердің Иран көшпенділеріне ұқсастығы болуы ықтимал деген де дерек келтірілді. Ал бес қаруы мен құрал-саймандары, басқа да ұстап-тұтынған заттарына қарап, оның дәрежесін, яғни әлеуметтік мәртебесін анықтау да мүмкін көрінеді. Осындай қызықты ақпараттарды алға тартқан Жолт Бюро Андраш жоспарланған жұмыстар толықтай аяқтала қоймағанын, әлі қанша мезгілсіз созылатыны белгісіз екенін қаперледі. Қалай еткенде де, басталған жұмыстың орта жолда қалмай соңына дейін жеткізілетінін, сонда ғана мейлінше нақты, дәл мәліметтермен бөлісуге болатынын жеткізді. Бастысы, темір сауытты жауынгердің елін, жерін жаудан қорғаған хас батыр болғаны. Әріптестестерінің әсерлі әңгімесін жалғаған облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиев «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында атқарылатын жұмыстардың мұнымен бітпейтінін, келешекте археологиялық қазба, ғылыми-зерттеу жұмыстарын Құрманғазы ауданының аумағындағы ескі қорғандарда жүргізу жоспарланып отырғанын айтты.
Дәулетқали АРУЕВ