Тариф төңірегіндегі талқылау

tarif Шаһар шырайы

Шілде айынан бастап қатты тұрмыстық қалдықтарды тасымалдау қызметінің тарифі бірден екі есеге көтеріліп шыға келді. Нақты айтқанда, қызмет бағасы жайлы немесе көп пәтерлі үй тұрғындары үшін – 379,38 теңге, жекеменшік үй тұрғындарына – 409,26 теңге.

Әрине, тұтынушылардың әлеуметтік санатына қарай жеңілдік те қарастырылған. Мысалы, Ұлы Отан соғысына қатысушылар тұрмыстық қалдық төлемінен толық босатылған. Ал, оларға теңестірілгендер, І-ІІ топ мүгедектері мен көп балалы аналар тиісті төлемнің тең жартысын, зейнеткерлер, атаулы мемлекеттік жәрдемақы алатындар мен аз қамтылған отбасылар 25 пайыз жеңілдік пайдалана алады. Осы мәселені талқылау барысында қалалық мәслихаттың депутаттары уәжін айтып, қарсылық білдіргенімен, ақыры келісуге мәжбүр болды. Дегенмен, аз қамтылған отбасылар үшін де тасымалдау қызметіне алынатын ақыны тең жартысына дейін жеңілдету жөнінде ұсыныс білдірді.

Атырау қалалық мәслихатының төрағасы Нұрбол Құрманның айтуынша, бүгінде облыс орталығында Ұлы Отан соғысына қатысушыға теңестірілген 271 адам, 3729 көп балалы отбасы, І топ мүгедегінің саны 814 және мүгедектіктің ІІ тобында 3312 адам барын айтты. Ал, енді жарты жылдан соң өтетін қалалық  мәслихаттың кезекті сессиясында «Арнаулы көлік базасы» ЖШС бойынша қабылданған инвестициялық бағдарламаның орындалуы туралы мәселе қаралмақ.

– Біз тарифтің көтерілуіне сай, бұдан былай көрсетілетін қызмет сапасы артады деген үміттеміз, – деп түйіндеді ойын ол.

Ал, шаһар басшылығы мұның жаңа Экологиялық кодекстің күшіне енгізілуіне байланысты амалсыздан қабылданған шара екенін ашық айтты. Өйткені, нормативтік акт тұрмыстық қалдықтың міндетті түрде сұрыптаудан өткізілуін талап етеді. Әйтсе де, жаңа тариф өзге облыстармен салыстырғанда біршама төмен екен. Мысалы, Орал қаласында оның орташа мөлшері – 491, ал Ақтөбеде – 504 теңге көрінеді. Қалай дегенде де, монополистер түрлі аргументтерді алға тосып, алған бетінен қайтпады, халық қалаулылары қанша жерден қарсылық білдіріп, дауласқанымен, «Сендердің бұларың жарамады» деп біреуі де айтпады.

«Жау кеткен соң, қылышыңды тасқа шап» демекші, болары болып, бояуы сіңді десек те, бұл мәселе әлі де болса көпшіліктің көкейіне ұялап тұрған жоқ. Оның үстіне, төлем түбіртегі тұтынушыларға көрсетілетін өзге де коммуналдық қызмет түрлерімен (электр қуаты, ыстық су, жылу, газ, пайдалану шығындары) бірге Бірыңғай есептеу орталығы (ЕРЦ) арқылы жолданады. Сол себепті, шегінерге жер жоқ, қанша тулағанмен тұрғындар қызмет ақысын төлеуге мәжбүр.

Әрине, қажеттілігіне қарай, тарифтің көтерілуі заңдылық, ол – уақыттың талабы. Алайда, осы жұмыспен айналысатын кәсіпорынның көрсеткен қызметінің сапасы мен мәдениетіне төлем құны сай келе ме, оның деңгейі тұтынушыны қанағаттандырып, көңілінен шыға ма? Мәселенің түйіні осыған тіреліп тұрғаны шындық.

Жақында Қазақстан халық партиясы Атырау облыстық филиалында өткен басқосудағы әңгіме өзегі де «Тұтынушыларға коммуналдық қызметтердің ақысын төлету немесе төлемегені үшін ажырату» тақырыбында болды. Оған себеп болған жайт, бір түбіртекпен келетін бірнеше коммуналдық қызметтің ақысын бірден емес, тұрмыс жағдайына қарай бөліп төлеген жағдайда желіден ажыратып тастау еді. Бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып, әлеуметтік желіде дабыл да көтерілген.

Сөзін осыдан бастаған жиынға төрағалық етуші филиал басшысы Балжан Досмұхамбетова шынтуайтында мұндай келеңсіздіктерге жол бермеу және ыңғайсыздықтардың орын алмауы үшін жұртшылық арасында түсінік жұмысын жүйелі жүргізуді ұсынды. Жиынға қатысқан коммуналдық қызмет көрсетуші кәсіпорындардың өкілдерін соған шақырды. Олардың әрқайсысы өз салалары бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жайын баяндап, сұрақтарға жауап берді. Табиғи монополия субъектілерінің қызметін қадағалаушы мемлекеттік құрылымдардың басшылары қай уақытта да тариф төңірегінде түсініксіз жайттар болмауын, бұл тұрғыда осындай шараның пайдалы екенін меңзеді.

Дәулетқали АРУЕВ

Коллажды жасаған: А.Жолдыбаева

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз