Соғыс жылдарындағы «Социалистік құрылыс»
Мәңгі өшпейтін тарих немесе мәңгілік құндылық. Кейде газет атауына осы тіркестерді аксиома етіп қолдану да артық еместей көрінеді. Себебі, тоқсан бес жылдық тарихы бар «Атырау» газеті ғасырға жуық уақытта өткен күннің әр сәтін жылнама етіп, қағаз бетіне түсіріп, қаттай алды.
Қырық бірдің қырғынында қазіргі «Атырау» «Социалистік құрылыс» деген атаумен оқырманға тарап жатты. «Ол кезде газеттер үлкен мехнатпен басылатын. 1942 жылдан 1948 жылға дейін өзім Манаш ауылдық кеңесінде хатшы болып істедім. Редакцияға 1952 жылы келдім. Десе де, журналистерге қызмет бабымен жиі қатынап тұратындықтан, ондағы штаттың тым шағын екендігін, газеттің өте ауыр жағдайда шығып жататынын көзбен көретінбіз» деп естелігімен бөліскен еді кезінде бізбен ардагер журналист Шөпенғали Дәуенов. Бүгінде бақилық болған ардагер аға қаламгерлердің қару асынып, соғыс даласына кеткендігін жыр етіп айтып отыратын. Ардагер аға Қыдырғали Сасықов атты аудармашы азаматтың сауаттылығымен көпшілікті тәнті еткенін ерекше айтқан еді. Қаламын қаруға алмастыр-ған сол кездегі редакция қызметкерлерінің бірі Қыдырғали Сасықовты көз көргендер ерекше мұқияттылығымен еске алады.
Архивті ақтарып отырып, соғыс жылдарында хабарлардың негізінен радиодан жазылып алынғанын білдік. Мәселен, шетелдік хабарлар радиоқабылдағыш арқылы жазылса, аудандардан хабарларды әріптестеріміз телефон көмегімен жеткізіп отырған. Ал, көлемді материалдарды сиямен қағазға түсірген аудандық журналистеріміз редакцияға мақаланы тасымалдаушылар арқылы, яғни, көлікпен жеткізген. Бір ғажабы, соғыс жылдарындағы қандайма қиын жағдайларға қарамастан, сол бір қасіретті кезеңде газет үздіксіз шыққан. Кей деректерде газеттің аптасына бес рет жарық көріп, халық арасына «листовка», яғни, үнпарақ түрінде де таратылып отырғаны айтылады.
«Бәрі де Жеңіс үшін!» ұранымен жарық көрген газеттің сол кездегі сандарын парақтасаңыз, қаламгерлердің өз ісіне деген адалдығы мен жанкештілігін және биік рухын еріксіз сезінесіз. Және қаралы жылдардағы нөлдік деңгейдегі жағдайға қарамастан, «Социалистік құрылыс» редакциясы жедел, әрі кәсіби деңгейде жұмыс істеген.
Тарихшылар дүниежүзі хал-қының сексен пайызы қатыс-қан қырық бірдің қырғынына аттанған 1 миллион 366 мың сарбаздың 683 мыңының ғана майдан даласынан аман оралғанын айтады. Бізге жеткен архивтік деректерде қан сасыған соғыс даласында сүйегі қалған әріптестеріміздің саны жетеу екен. Бұл дерек біреуге аз немесе көңіл тоғайтпайтындай дерек болып та көрінуі мүмкін. Бірақ, біз үшін редакцияның әр адамы қымбат! Себебі, қилы-қилы тағдырлардан құралған тарих бүгінде «Атырау» газетін ғасырға татитын белеске көтеріп отыр…
Баян ЖАНҰЗАҚОВА