
«Сергек». Көшедегі кептеліс
Атырау қаласында жол жөндеу жұмыстары қарқын алғандықтан көше бойында кептеліс. Жұрт баратын жеріне жете алмай, жол бойында сағаттап тұр.
«…Әп-сәтте жететін жұмысқа қазір 40 минутта әзер барамыз», «…Балабақшаға апарар жолда екі көшеде жол жабық, таңғы кептелісте баламды кешіктіріп жатырмын», «…Инфрақұрылым керек екенін түсінемін, бірақ халыққа да жағдай жасау керек қой…» деп жазады қала тұрғындары әлеуметтік желілерде.
Редакцияға да осы мәселеге қатысты қоңырау шалушылардың қатары көп.
– Балауса шағынауданынан орталыққа жету күнде азапқа айналды. Түсінеміз, жол жөнделуі керек, бірақ неге бәрін бір мезетте бастайды? Айналма жол деген атымен жоқ, — деді өзін Гүлсезім Шадатова деп таныстырған тұрғын.
– Екі күнде екі рет айыппұл келді. Әдеттегі бағытпен емес, уақытша белгіленген тар көшемен жүріп өттік. Бірінде жолақты басып кеттік, енді айыппұл арқалап отырмыз. Бұл әділетті ме? — деп ренішін білдірді Нұрлан Есқали есімді тағы бір тұрғын.
Кейбірі «Сергек» камераларынан үздіксіз келіп жатқан айыппұлдарға наразы. Жөндеу жұмыстары жүріп жатқан учаскелерде жылдамдықты сақтау қиын, бірақ камералар айыппұл жібере береді. Ал WhatsApp топтарында «2 маусымнан бастап «Сергек өшіріледі» деген ақпарат тарап кеткен.
Бұл мәселеге байланысты Әкімшілік полиция басқармасы әкімшілік практика бөлімшесінің бастығы, полиция подполковнигі Ғарифолла Тайшыбаев түсініктеме берді.
– Қала аумағындағы жол жөндеу жұмыстары алдын ала бекітілген жоспармен, жергілікті атқарушы органдардың қаржыландыруымен жүргізілуде. Уақытша жабылған жолдарға айналма бағыттар белгіленіп, қажетті жол белгілері орнатылды. Ал «Сергек» жүйесі толығымен өшірілмейді. Бірақ кейбір функциялары шектеліп отыр. Қазіргі таңда тек жылдамдық режимін бұзу фактілері ғана тіркеледі, — деді тәртіп сақшысы.
Сондай-ақ бағдаршамда техникалық ақау болса немесе қиылыста полиция реттеушісі тұрса, камера жазып алған құқықбұзушылықтар есепке алынбауы мүмкін.
Көп талқыланған тағы бір сұрақ – оқушылар жазғы демалысқа шыққаннан кейін мектеп маңындағы 40 км/сағат жылдамдық шектеуі алына ма?
Иә, бұл ақпарат расталды. 2025 жылғы 2 маусымнан бастап Атырау қаласындағы бірнеше «Сергек» камерасы орналасқан учаскелерде шектеу 60 км/сағатқа көтерілді. Олар: Азаттық даңғылы 140, Азаттық даңғылы 162, Балауса шағынауданы, Рысқали Хасанов көшесі 43, Әбілқайыр хан көшесі (ХҚКО маңы), Сұлтан Бейбарыс даңғылы 445.
Бұл шара жазғы мезгілде көлік ағынын жеңілдету мақсатында қабылданған.
Иә, қала көшелерін жөндеу – қажетті әрі кешіктірілмейтін жұмыс. Сондықтан жұртшылықтың уақытша қиындықтарға түсіністікпен қарағаны жөн шығар.
Майра ЕРҒАЛИ