Ретросаябақ қолдау күтеді…
Өткен жылдың желтоқсан айында қалалық әкімдіктің балансына өткен ретро саябақты көркейту жұмыстарымен енді тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімі айналыспақ.
Жыл басында әкімдік осылай деп ұйғарған. Демалыс орнын қайтарып алуға саябақтың сын көтермейтін жағдайы туралы тұрғындардан түскен арыз-шағымдар себеп болыпты. Алайда әзірге паркті қалпына келтіру мен көркейту туралы нақты жоспар жоқ.
— Бұған бюджеттен қаражат қарастырылмаған қазіргі уақытта. Біздер ол қалпына келтіру жұмыстарын бәрін жаңағы демеушілер арқылы жасайтын боламыз. Қазіргі уақытта демеушілер іздестіріліп жатыр,- дейді Атырау қалалық ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары Жұмабек Жұмағалиев.
Қала тұрғындары Жайықтың жағасында 50-жылдардағы неоклассикалық стильде салынған ретро саябақты жасыл оазиске айналады деп күткен еді. Алайда қазір ондағы суарылмаған ағаштар қурап, субұрқақтар құрғап ит-мысықтың мекеніне айналған. Орындықтар көптен бері сырланбай, қоқыс жан-жақта шашылып жатыр. Көрме орталығына айналуы тиіс ғимарат, дүкендер мен әжетхана жабық тұр. Жарық бағандарының сымдары ашық-шашық жатыр.
— Бірінші мәселе көгалдандыру, сосын түнгі жарық шамдары түгелге дерлік істен шыққан. Ночное освещение ғой жаңағы. Соны, сосын ішіндегі кафелері бар, соларды ашу, екі әжетхана бар, соларды іске қосу, — дейді Жұмабек Жұмағалиев.
2017 ж ТШО компаниясы қаржыландыратын Игілік бағдарламасы аясында салынған ретро-парктің қазіргі жай-күйі мәз емес. Қалалық тұрғын үй шаруашылық бөліміндегілер саябақты қалпына келтіру жұмыстарына мамыр-маусым айларында кірісеміз деп отыр. Қазіргі ең басты мәселе — жобаны қолдайтын жанашыр демеуші мен қаражат табу.