Атырауда Илья Жақановтың шығармашылық көрмесі өтті

1 16 Жаңалықтар

Шаймардан Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік музейінде Қазақстанның және Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның «Парасат», Қырғызстанның «Дәнекер» ордендерінің иегері, композитор, жазушы, суретші Илья Жақановтың шығармашылық көрмесі өтті.

1

Өнер мерекесі кейіпкер туралы бейнефильммен басталды.

Шараның ашылу салтанатында Атырау облысы әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев Илья Жақановтың шығармашылығы туралы терең толғаныспен баяндады.

«Илья Жақановтың әндерін бала кезімізден тамсана тыңдап, көкірегімізге хаттап, санамызға сіңіріп өстік. «Жайлаукөл кештері», «Әселім» және басқа да әндері сол бір кезеңде жастардың аузынан түспейтін әндерге айналған болатын. Ал, қырғыз циклі туралы әңгіме мүлде басқа. Шыңғыс Айтматов сияқты кемеңгер тұлғаның жанында жүріп, екеуінің туған бауырдай сыйласқандары да бүгінде ел аузында аңызға айналды. «Талантты адам барлық жағынан да талантты» дейді ғой. Сол сияқты, жетпістен асып, сексенге аяқ басқанда бүкіл жұртшылық ол кісіні суретшілік қырынан таныды. Барлық жастарға үлгі болатын нәрсе – Ілағаңның Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде оқып, кәсіби суретші ретінде диплом алуы. Оқу үшін жастың ұлғайғаны ешқандай бөгет болмайтынын да өз ісімен дәлелдеді. Ал, бүгін көрмеден ғажайып суреттерін көріп, әсерге бөленудеміз. Графикалық портреттері, пейзаж тақырыбындағы картиналары керемет бір әуенмен тербеліп тұрғандай»,-деді Әлібек Ибатоллаұлы.

Шарада композитор, жазушы, суретші Илья Жақановтың «Еділ-Жайық» әні орындалды.

«Бүгінгі көрме менің жастайымнан іңкәр болған өнерімді паш етуде. Суретші болуды бала күнімнен армандап, қарындашпен өзімнің жаныма жақын адамдардың, анамның, әкемнің, ағамның суреттерін салатынмын. Одан беріде талай дүниелер өмірге келді. Суретшілік – қанымда бар қасиет. Шығармашылық адамы бір жерде тоқырап қалмауы керек. Мен де солай, үнемі ізденісте жүремін. Жайық жағасында, басқа да жанға шабыт беретін кең далада жүріп, табиғатпен сырласамын. Табиғаттан әуен тыңдаймын, ғажайып көркіне тамсана қарап, сурет саламын. Бүгінгі осынау көрмеге қойылған картиналар да шабытпен дүниеге келген»,-деді Илья Жақанов.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз