Қала құрылысына урбанистер керек
Атыраулық ғалымдар жедел штабта өткен кеңесте су тасқынының шыңы шамамен 28 сәуірде болады деп болжам жасады. Шынында, қорқынышпен күтіп отырған Жайық өзенінің тасуынан қандай қауіп бар? Жалпы, тасқынның ең жоғарғы деңгейі қандай? Сейсенбі күні жедел штабта жергілікті ғалымдар М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті, Сәтбаев университеті және География және су қауіпсіздігі институты профессорларымен кеңес өткізді.
Мемлекет басшысы елдегі ғылыми мекемелер мен ғалымдардың басын қосқан Кеңесте тасқыннан қорғану жұмысына ғалымдар мен ғылыми мекемелерді тартуға тапсырма берген болатын. Атырау облыстық төтенше жағдайлардан қорғану және алдын алу жөніндегі штаб жанынан құрылған арнайы ғылыми кеңес іске кірісті.
Бастауын Ресейден алатын Жайық өзенінің тасу деңгейін ғалымдар үш кезеңге бөліп қарастырады. Оның алғашқысы – Батыс Қазақстан облысындағы шағын өзендердің Жайыққа қосылуынан пайда болатын тасқын. Екіншісі – Ресейдің Орынбор қаласын қыспаққа алған Сақмар өзеніндегі судың мөлшері. Ал, басты қауіп – Иректі су қоймасынан шығып жатқан мол су. Оның деңгейі өткен аптада секундына 1670 текше метрге дейін өскен еді. Қазір 345 текше метр/секунд шамасында. Демек мол су Атырауға 25-27 сәуірдің шамасына келуі тиіс дейді ғалымдар.
– Көрші елде күздегі жауын-шашын мөлшеріне мән бермей, ақыры Орск қаласы су астында қалды. Ондағы бөгетті бұзып кетуі мол суды төменге жібергісі келмегендігінің салдарынан болды деп ойлаймын. Батыс Қазақстан облысының Ресеймен шектесетін Бәйтерек ауданындағы Январцево ауылында гидробекет бар. Сондағы судың деңгейіне қарап, нақты болжам шығаруға болады. Қазір Атырауға келіп жатқан судың бірінші деңгейі, ол аса қауіпті емес. Тасқыннан қорғану шараларын қарқынды жүргізуге мүмкіндік бар. Егер өр суы бірнеше толқынмен келсе, бізге де қиындық болатыны сөзсіз, — дейді Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің Туризм және география кафедрасының аға оқытушысы Арман Жұмағазиев.
Жасыратыны жоқ, Атырауда Жайық өзенінің жайылма алқаптарына кейбір ғимараттар, тіпті тұрғын үйлер салынды. Ол дұрыс емес. Ал, Орынбор, Орал қалаларында судан қорқыныш болмайды, өйткені олар өзендердің арасында орналасқан. Биыл Орынбор қаласында зардап шеккендер көрсеткіші тек 20 пайыз ғана, олар да өзен жағалауы мен арнаға жақын нысандар. Кәсіби тұрғыдан алғанда, қаланың салынуы дұрыс.
Мамандардың пікірінше, қала құрылысымен Атыраудағыдай әр түрлі мамандық иелері емес, географтар-урбанистер ғана айналысуы тиіс. Өйткені, қала салуға рұқсат беру үшін алдымен жергілікті рельеф пен гидрология есептелуі шарт.
– Соңғы жаңарған мәліметтерді алуға байланысты жергілікті деңгейде қиындықтар барын жоққа шығаруға болмайды. Егер осы мәселені жергілікті атқарушы органдар мен тиісті мемлекеттік құрылымдар үйлестірсе, мәліметтерді өз деңгейінде ғалымдарға ұсынуға болар еді. Сонда олар жан-жақты ғылыми негізделген қортындыларды шығара алады, — деді республика Ғылым және жоғары білім министрлігі комитеті төрағасының орынбасары Артур Еділханов.
Ғалымдардың топшылауынша, Жайық өзенінің деңгейі 5,5-6 метрге жеткенде елді мекендерге қауіп төнеді екен. «Қазгидромет» РМК филиалының берген мәліметі бойынша 17 сәуірде Жайық өзеніндегі судың деңгейі Индербор кенті тұсында 547 сантиметр (+9), Махамбет ауылы тұсында 672 (+8), Атырау қаласындағы гидробекетте 396 (+9) сантиметрді көрсетті. Сондықтан әзір алаңдауға негіз жоқ. Бірақ жоғарыдағы ғалымдардың пікірін ескерсек, қауіптің қандай түріне болса да дайын болған абзал.
Қуандық ШӘКІРОВ