«Инстаграмда» – Индер көлі

Шаһар шырайы

Бүгінде «Инстаграм»,  «Фейсбук», «В контакте» желілерінде кеңінен талқыланып жатқан «Бұл неткен көл?» деген табиғат ғажайыбы бұрынғы бабаларымыздың «Бұл неткен жер, неткен жер» деп басталатын толғауын еске түсіргендей. Расында да Атырау, Орал түгілі Ресей азаматтарының қызығушылығын туғызып, жұрттың сауық – сайран құрып, демалыс орнына айналдырған бұл не көл еді? Ендеше, осы әңгімемізді тамырынан тартып көрейік.

талбесік

Карьер  қызықтары

Индер карьерлеріне алыс-жақыннан арнайы ат арылтып келіп жатқандардың қарасы көп, әсіресе, жастар жағының қызығушылығы мол. Тау тасына шығып көлге секіріп,  оның тұп-тұнық  мөлдір суымен сүңгуі, жағадағы көңілді демалыстар әлеуметтік желілерде  бейнефильм және  фотосурет түрінде де кеңінен таралуда. Пікір білдірушілердің ішінде Казақстанда осындай жер бар екеніне таңданыстарын білдіріп, Индерді шарлап іздегендері, пікірталастар, бәрі де кездеседі. Индер Тұздыкөлімен шатастырып жатқандары бар…

Жаз бойы тау жағына  шұбырып бара жатқан көліктердің де дені Тұздыкөлден гөрі осы  карьерлерге түсуге бет алғандар еді.  Жолаушылар жолай қалауына сай  кеніштегі  бір емес, бірнеше  карьерлерге  бөлініп кетеді. Мысалы, әлеуметтік желіде кең тарағандардың бірі №100 карьерге өзім де отбасыммен арнайы барып шомылдым.  Жайықтай қатты ағыс  ықтырмайды,  терең де, тұп-тынық мөлдір суы жанға жайлы екен. Ашқылтым су денеңді батырмайды, шалқалап жатсаң да су бетіне қалқып тұрасың,  жүзуге де жеңіл. Әсіресе, жаңадан жүзіп үйренгісі келетін жандарға таптырмас орын. Мысалы, жас жұбайлар Батырхан Ғаббасов пен Әсел Ғұмарова Атырау қаласынан  карьер суына  шомылуға арнайы  уақыттарын бөліп келіпті.

-Досымыздың инстаграм әлеу-меттік желісінен   осындағы табиғат аясында түскен фотоларын көргенде таң-тамаша қалдық. «Бұл қандай ғажайып өңір, шетел ме?» десек, «Индер» дейді. Атырау облысында осындай керемет жер бар екенін бұрын-соңды естімеппіз.  Бұрын жолай Оралға асып кеткеніміз болмаса Индерге  жолымыз түскен емес еді.  Демалысымызда Индерге баруға тәуекел еттік. Бірақ,   осында  жеткенше жол қиын екен. Сұрастырып, адасып жүріп әрең таптық. Бірақ, өкінбейміз, карьер орны дегеніңізбен тұмса табиғатын көзімізбен көріп шынымен де тәнті болдық,  әп-әдемі де ерекше жер.

талбесік2

Ресейліктердің  де қызығушылығы басым

Ал, отбасымен келген Төлеген Арыстанов карьерлерге  бұрыннан түсіп келе жатқан тәжірибесі мол жан екен.

– Осы Индер карьерлеріне Ресей жағынан арнайы келіп, суға шомылып, демалып кетеді дегенді бұрыннан естуші едім. Былтырдан бері демалыс уақыттарында осында немесе Тұздыкөлге келіп түсіп жүрміз. Арасында алыстан келген қонақтарды, кейде отбасымызбен келеміз. Бұған дейін Кавказда, Түркияда бірнеше курортты аймақтарда болдым. Сонда байқағаным осындай бұрын кен игерген орындарды да тамаша демалыс орны ретінде пайдаланып отыр. Жалпы табиғат аясындағы осындай ерекше, қайталанбас тамаша  жерлерді шетелдерде демалыс орны етіп түрлендіріп алатынына қайран қаласың, – дейді ол.

Ендеше, көл қалай пайда болды?

Әрине, әлеуметтік желілерде карьердің қызықтарымен қатар, оның бұрын кен өндірілген кеніш екендігін ескертіп, «күмәнді деректерден»  өте улы екенін айтып жар салып жатқандар да кездеседі. Осы орайда облыстық экология департаментінің Индер ауданы бойынша инспекторы  Марат Мұқановты сөзге тартқанбыз.

-Өткен ғасырдың алғашқы жарты жылдығында қазба байлықты игеру мақсатында борат кенін өндіру ісі қолға алынды. Содан қалған карьерлер көп және көбінде су бар. Соның ішінде №100, 102, 99, 98, 88 секілді ең үлкен сегіз карьер бар. Кезінде өзім де Индер тау кенішінде геологиялық-барлау экспедициясында жұмыс жасадым. Сол кезде 1979 жылдан бастап екі жыл  аралығында карьердің бұлақ суының құйылуын анықтау мақсатында Тұздыкөлге 250 мм құбырлармен су жіберілді. Бірақ, карьер бұлақ суы арқылы қайтадан тез арада толығып отыратын.  Карьер жер асты суларымен байланыста, үнемі бұлақтар құйылып, суы алмасып отырады. Әйтпесе баяғыда буланып кетер еді немесе  шіріп кеткен болар еді. Карьерлердегі су құрамының нақты зерттелген қорытындылары жоқ. Сондықтан да, карьерлерге суға түсудің пайдасын не зиянын айта алмаймын. Одақ кезінде борат кені  Ресейге тасылды.  Бораттың пайдалану мақсаты өте құпия болатын. КСРО мен АҚШ-тың қырғиқабақ соғысы мезгілінде бораттан зымыран, ұшақ жасауға пайдаланатындығы туралы мәліметтер тарады. Сондықтан  да болар халық арасында радиация болар деген қауіп бары жасырын емес.

Алаңдауға негіз жоқ

Аудандық санитарлық-эпидемиологиялық сараптау орталығының басшысы Жансұлу Қажығалиеваның айтуынша,  ауданда елді мекендер аумағында  суға микробиологиялық, химиялық және ауаға радиологиялық зерттеулер жүргізіліп келеді. Бәрі де тиісті нормасынан ауытқыған кезі болған жоқ. Ал, карьерлерде нақты өндіріс орындары жұмыс жасап тұрмағандықтан зерттеу жүргізілмейді, оған тапсырыс та жоқ.

Сондай-ақ, бізді ҚР Жаратылыстану ғылымдары академиясының толық мүшесі, «Кен орнын алғаш ашушы» белгісінің бірнеше мәрте иегері,  геолог Хасан Қамашевтың да пікірі  қызықтырды.

-Карьер суына түскеннен қорқатын ештеңе жоқ.  Радиация мөлшері кезінде борат кенін қазған кезде де қалыпты деңгейде болды. Яғни радиацияның шкаласы 40-тан әрі қарай рұқсат етілмесе, мұнда кен қазған мезгілдің өзінде де 17-ден асқан емес әрі борат суға езілмейді.  Борат кенін қазу соңғы рет 1996 жылы аяқталды. Одан бері 20 жыл өтті. Индер тау кеніші карьерлеріндегі су құрамы бірдей. Карьер мен Тұздыкөл жер асты суымен байланысып жатыр. Бірақ, карьердің суының құрамындағы тұз мөлшері  литрге 50-120 грамм аралығында болса,   Тұздыкөлдің суы тұздылығы литрге 320 грамм, яғни ащылау.   Карьердің құрамында да калий, бром элементтері бәрі бар. Кезінде  карьерлерге түсуге рұқсат етілмейтін. Себебі, кен алу үшін жару жұмыстары жүрді, судан боратты сүзіп алатын алып экскаваторлар жұмыс жасап тұрды. Әрине, арасында карьерге түсіп жүрген жұмысшылар да болды. Соның ішінде Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері, Индер геологиялық-барлау экспедициясының бастығы, кен барлау ісінің үздігі, геолог Ә. Доғаловтың өзі де карьерлерге үнемі түсіп жүргеніне куәміз.

талбесік3

Атқарушы билік не дейді?

Өкінішке орай, осы карьерлер мен Тұздыкөлге жан-жақтан жиылып түскен қонақтардан қалған түрлі тұрмыстық қоқыстар уақыт озған сайын жинақтала түсуде.  Әрі маңынан қиыршық тас таситын көлік иелерінен бе, жүк  көліктерімен тастаған тұрмыстық қалдықтар жетіп артылады.

Қайткенде де халықтың қалауын тоқтату мүмкін емес. Ендеше қайтпек керек? Табиғат сыйы туризмге таптырмас орын секілді. Бұл туралы атқарушы билік не дейді?

Аудандық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Бағытжан Сахиповқа хабарласқанымызда, карьердің суы алынып,  облыстық сараптамалық зертханаға жолданғанын, ал  Тұздыкөлді мемлекеттік жеке әріптестік орталығына да ұсынылып отырғанын, жалпы өңіріміздегі бұл орындарға көпшіліктің қызығушылығы зор болғанымен туристік бағытқа айналдыруға инфрақұрылымдық желілерден алыс жатуы, әрі маусымдық болғандықтан да  тәуекел  етуге кәсіпкерлер шықпай отырғанын алға тартты.

Жалпы бұл сауалдарды біз аудан әкімінің уақытша міндетін атқарушы Әлифолла Балахметовке қойған едік. Ол карьер туралы нақты ақпараттардың болмай отырғандығын, әрі карьерлерге баруға ешкімге  тыйым салуға да, онда шашылып қалған  қоқыстарын күнделікті жинап отыруға да мүмкіндік жоғын, бірақ, алдағы уақытта арнайы белгілер қойылып, бұл бағытта жұмыстар жүретіндігін қаперге берді.

…Бейресми мәліметтерден бұл карьерлердің суы  бұған дейін Германияның сараптама орталықтарынан да  тексеруден сәтті өтті деген  әңгімелер де  бар…

Саламат БАЗАРБАЕВ,

Индер ауданы.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған