Қала көшелері жаңбыр суынан тазартылуда
Атырау қаласында көшелерді жаңбыр суынан тазарту үшін 10-ға жуық ассенизатор көлігі жұмылдырылды, — деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Бүгін, 18 қазан сағат 04:00-де жұмысқа кіріскен «Арнаулы Автобаза» мекемесінің қызметкерлері таң атқанша қала көшелерінің басым бөлігін судан тазартқан. Қазір олар көше қиылыстарында су сору жұмыстарын жүргізуде.
109 бірыңғай байланыс орталығына көшелер мен аумақтарды жауын суынан тазалау туралы түскен өтініш саны 20-дан асқан. Тұрғындар байланыс орталығына хабарласып, су сору жұмыстары бойынша өтініш қалдыра алады.
-Қазірге дейін “Сарықамыс”, “Вокзал маңы”шағынауданы мен Сұлтан Бейбарыс даңғылында су сору жұмысы жүргізілді. Дәл қазір вакуум көліктері көше қиылыстарында жұмыс істеуде. Қала көшелері судан тазармайынша, бұл жұмыстар жалғасын таба береді, — деді «Арнаулы Автобаза» ЖШС учаске басшысы М.Асанова.
«Қазгидромет» РМК Атырау облысы бойынша филиалы мамандарының хабарлауынша, 19 қазанда да жаңбыр жауады деп күтілуде. Ал жексенбі күні жауын-шашын мөлшері азаяды деген болжам бар.