Жарнама
Шаһар шырайы

ҚАЙРАТ ОРАЗБАЕВ ҚАЛАДАҒЫ ЭЛЕКТР ЖЕЛІЛЕРІ БОЙЫНША АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫСТАР МЕН ЖОСПАРЛАРЫН БАЯНДАДЫ

Атырау қаласының әкімі Қайрат Оразбаев өзінің Facebook парақшасында қала аумағындағы электр желілерін қайта жасақтау, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлары туралы айтты.

“Құрметті қала тұрғындары!

Қала аумағындағы электр желілерінің жақсы сапасы, олардың ауа райының факторларына төтеп беру қабілеті, үйдегі тұрмыстық техниканың сенімді және қауіпсіз жұмыс істеуі – қала тұрғындарын алаңдатқан маңызды мәселелердің бірі.

Электр желісімен қамту жайы тек Атырауда емес, барлық қалаларға да тән жағдай. Алайда, мен өзімізде қалыптасып отырған жағдайдың мән-жайын  түсіндіру үшін атқарылған жұмысты және меншік түріне қарамастан (қала меншігі, тұрғындарға тиесілі ірі тұрғын үй кешендері немесе ірі кәсіпорындар теңгерімі) шаһардағы желілерді жаңғырту мақсатында қабылданған міндеттер және алдағы жоспарлармен таныстыруды жөн санаймын.

«Береке» шағынауданы: Қазір мұнда қуаты 16 МВт болатын 110/10 киловаттық жаңа қосалқы станцияның құрылысы аяқталды. Бұл станция 30-дан астам тұрғын үйді, 1200 орындық жаңа мектепті, салынып жатқан әрқайсысы 290 орындық екі балабақшаны электр қуатымен қамтиды. Қалалық құрылыс бөлімі тапсырыс берген нысанды монтаждау жұмысының құны келісім-шарт бойынша – 2 млрд. 608 378 теңге.

2021 жылдың 30 қарашасынан бастап бұл станцияға қуат беріліп, сынақтан өтті. Жуырда халық игілігіне беріледі. Қосалқы станция коммерциялық және әлеуметтік нысандармен қатар, бұрынғы Контейнер елді мекені аумағының болашақ дамуы үшін қажетті қуат қорына ие.

Ақсай, Ақжар, Талғайран, Бесікті ауылдары және соған іргелес аумақтар бойынша: Талғайран ауылында қуаты 25 МВттық жаңа 110/10 қосалқы станциясының құрылысы аяқталуда. Станция Талғайрандағы жаңа құрылыс нысандарын (көп қабатты тұрғын үйлер, жаңа әлеуметтік нысандар) сенімді қуат көзімен қамтамасыз етпек. Қажет болса, жақын маңдағы барлық нысандар да жаңа қосалқы станцияға қосылуы мүмкін. 2010 жылы салынған станция жеткілікті жабдықталмауы себепті уақытында пайдалануға берілмеген.

Монтаждау жұмыстарының құны – 2 млрд. 510 395 теңге. Станцияны іске қосу жұмыстарын бастау осы айға, пайдалануға беру келесі жылға  жоспарланды. Тапсырыс беруші – қалалық құрылыс бөлімі.

Береке ауылы (Память Ильича): Ауылдағы желілердің басым бөлігі жеке секторға тиесілі. Мұнда трансформаторлардың қуатын ескерместен жаңа үйлердің ескі жүйеге қосылуы салдарынан тұтынушылар зардап шегіп отыр.

Қордаланған мәселені шешу үшін қала әкімдігі 34 көшенің желісін толықтай жаңартып, жаңадан 10 трансформатор мен таратушы қосалқы станция орнатады және көшелерге жарық шамдарын орнатады.

Келісім-шарт бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарының құны – 1 млрд. 186 076 мың теңге. Биыл 100,0 млн. теңге бөлініп, басталған жұмысты келесі жылы аяқтау жоспарланған. Жаңа көшелер кезең-кезеңмен пайдалануға беріледі. Тапсырыс беруші – қалалық құрылыс бөлімі.

Зарослый ауылына электр желісі 2011 жылы тартылған. Бірақ, электр кабельдері, сымдар және қажетті жабдықтардың ұрланғандықтан, желі іске қосылмаған. Соған байланысты, электр қуатын беру үшін уақытша трансформаторлық қосалқы станция орнатылған.

Қазір жаңа сметалық жобалау құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтті. Көшелерді заманауи жарықтандырумен қосқанда, құрылыс-монтаж жұмыстары 1 млрд. 162 041 мың теңгеге бағаланды. Құрылыс-монтаж жұмыстарына конкурс 2022 жылдың қаңтарында жарияланады. Тапсырыс беруші – қалалық құрылыс бөлімі.

Сарыөзек (Черная речка) аумағы бойынша: Сметалық жобалау құжаттамасы жаңадан әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтті. Жоба жекеменшік үйлерді және ауыл шаруашылығы мақсатындағы аумақтардан басқа барлық бау-бақша алаптарын қамтиды. Құны – 850,754 млн. теңге. Бүгінде ашық конкурс арқылы мердігерді анықтау үшін конкурстық құжаттама дайындалуда.

№50 «Жұмыскер» қосалқы станциясы («Өркен» шағынауданы): 2011 жылы салынған станция қуаты – 16 МВт. Алайда, жұмыс істемеген күйі, құрал-жабдықтары тоналған. Станция 2020-2021 жылдары қалпына келтірілді.

Қазір іске қосылған қосалқы станциядан Өркен-1,2 және Жұмыскер шағынаудандары электр қуатын алып отыр. Желтоқсан айында Еркінқала ауылдық округіне қарасты барлық тұрғын аумақтар, «Балауса» және Ракуша ауылдары желіге қосылады.

50 жаңа трансформатор (0,4 кВ) бойынша: 2020 жылы сатып алынған 50 жаңа трансформатор бүгінде толықтай іске қосылған. Бұл жаңа трансформаторлар қаладағы ең қажетті деген аумақтарға, яғни, Құрсай, Балықшы, Атырау-2, Сарыөзек, Қара депо, Химиктер кенті, Береке, Геолог, Ақсай, Еркінқала, Балауса, Мұнайшы, Ракуш, Жерұйық, Атырау, Жұмыскер, Лесхоз тәрізді ауылдар мен шағынаудандарға орнатылды. Сондай-ақ Сәтпаев көшесіндегі көп пәтерлі №19а үйге де қойылды. Сол арқылы қазір 1 мыңнан астам тұтынушы үшін қордаланған проблема түбегейлі шешілді.

40 кешенді трансформаторлық қосалқы станция: Биыл қала аумағындағы қиын учаскелерге орнату үшін жаңадан 40 трансформатор сатып алды. Тұрғындар шағымына қарай, «Атырау Жарық» АҚ-ның нақтылауымен 32 учаске анықталып отыр. Қалғаны резервте тұрады. Трансформаторлар 2022 жылғы сәуір айынан бастап орнатыла бастайды.

«Нұрсая» және «Самал» шағынаудандары бойынша: Бұл аудандар электр қуатын №10 қосалқы станциядан алып отыр. Алайда, бұл учаскеде жерасты кабельдерінің әбден тозуы қиындық туғызып тұр. Бүгінде полиэтиленнен жасалған жаңа кабель сатып алу және төсеудің нақты шығыны есептелуде. Қажетті кабельдің ұзындығы – 2000 метрден астам. Бұл шағынаудандардағы проблеманың белгілі бір бөлігін шешу үшін трансформаторлар ауыстырылады.

Қуаты 16 МВт болатын «Әуежай» 110/10 кВт қосалқы станциясы: Жобалау құны – 31,0 млн. теңге. Сараптама қорытындысы 2021 жылдың 30 мамырында белгілі болады. Қуаты 10 Мвттық бұрынғы қосалқы станцияны бөлшектеп тастаған.

Жаңа жоба әуежай аумағында, «Самал», «Нұрсая» шағынаудандарында орналасқан барлық нысандар мен келешек құрылыс аумақтарын электр қуатымен қамтиды.

Көшені жарықтандыру желілерінің құрылысы:

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясындағы «Атырау қаласында көшелерді жарықтандыру желілерін салу және оны пайдалану» жобасы 2017-2018 жылдары жалпы ұзындығы 86,3 км болатын 71 көшеде, 2018-2019 жылдары 198,4 шақырымды құрайтын 218 көшеде, 2020 жылы 34,6 км болатын 22 көшеде жүзеге асқан.

Сонымен қатар, биыл көшелерді жарықтандыру үшін ұзындығы 148 525 метрлік желісін тарту жұмыстары басталды (4 кезең). Жылдың соңына дейін 49 көшеде жалпы ұзындығы 31 790 метрлік желі тартылады. Жобаны 2022 жылдың соңына дейін толық аяқтау жоспарланған. Келер жылы жалпы ұзындығы 116 735 метр болатын жарықтандыру желісі орнатылып, 140 көшеге жарық беріледі”.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button