Мұнайлы астанада заңсыз салынып жатқан құрылыс нысандары анықталды
Олардың иелеріне заңсыз әрекеттерін жоюға ұйғарым берілді.
Бұл туралы Атырау қаласы Сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Ерлан Кабдинов Атырау облысының коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн-брифинг барысында мәлімдеді:
— Жыл басынан бері 30 заңсыз құрылыс анықталды. Иелеріне жол берілген бұзушылықтарды жою туралы ескерту береміз. Егер белгіленген мерзімде орындалмаса, бұл фактілер туралы мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы мен жер инспекциясына хабарланатын болады, – деді Ерлан Қабдинов.
Айта кетейік, өндірістік, тұрғын үй немесе шаруашылық нысандарды заңсыз салғаны үшін қарастырылған айыппұл көлемі жеке тұлғалар үшін 75 АЕК құрайды. Лауазымды тұлғалар мен шағын кәсіпкерлік субъектілері немесе коммерциялық емес ұйымдар үшін – 100 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілері үшін – 150 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілері үшін – 700 АЕК мөлшері заңсыз кұрылысты жоюмен бірге белгіленген.
«ATPress.kz»